Ең ірі онлайн-хакатон табысты аяқталды: 1349 команда 16 миллион теңге жүлде қоры үшін жарысқа түсті.

Үш күнге созылған халықаралық хакатон Decentrathon 3.0 нағыз жаһандық деңгейдегі технологиялық оқиғаға айналды. Қарқынды жұмыс барысында іс-шара әлемнің 19 еліндегі 2670 қатысушынының басын қосты, олар жасанды интеллект және геймджем саласында инновациялық шешімдер жасау үшін 1300-ден астам команда құрды.

Хакатонның географиялық ауқымы кең: Қазақстан, Ресей, Германия, Түркия, Өзбекстан, Малайзия, Испания, Грузия, Тәжікстан, Әзербайжан, Венгрия, Австрия, Армения, Израиль, Қырғызстан, Сербия, Оңтүстік Корея, Румыния және Вьетнамнан командалар қатысты. Бұл Decentrathon-ды аймақтағы жетекші технологиялық оқиғалардың бірі ретінде айшықтады.

Хакатонды Decentra платформасында онлайн-форматта өткізу қатысушыларға өз жобаларын ыңғайлы ортада жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылар үш күн бойы командаларға техникалық қолдау көрсетті.

«Decentrathon – ең алдымен адамдар туралы. Бұл – ауқымды істің бөлігі болғысы келетін, бірлесіп дамуға және жаңалық ашуға ұмтылатын жандар жайлы. Хакатон ғана емес, әркім өз идеясын ортаға салып, бір толқында жұмыс істей алатын қауымдастық», — деді Blockchain and AI Technology Center жетекшісі Айдана Қасқырбек.

Kazakhtelecom, activ 5G және Mastercard серіктестігімен іске асырылған AI-тректің "Креативтегі AI" арнайы бағыты қатысушылардың ерекше назарын аударды. Бағдарламалау дағдыларын қажет етпейтін бұл трек шығармашылық тұлғаларға заманауи AI құралдарын пайдалана отырып, бірегей шешімдер жасауға мүмкіндік берді. Ал Grand Mobile серіктестігімен әзірленген GameJam қатысушылардың ойын прототиптерін жасау және инновациялық ойын механикаларын әзірлеудегі белсенділігін көрсетті.

Decentrathon 3.0-дің табысы инклюзивті технологиялық платформа құру стратегиясының дұрыстығын растады. Цифрлық даму, инновация және ғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен Astana Hub және Blockchain and AI Technology Center ұйымдастырған іс-шара заманауи технологиялардың географиялық шектерге қарамастан, адамдарды қалай біріктіре алатынының мысалы болды.

Decentrathon 3.0-дің халықаралық табысы жобаны одан әрі дамытуға арқау болды. Ұйымдастырушылар жаһандық технологиялық қауымдастықтың сұранысын және халықаралық әріптестік тәжірибесін ескере отырып, басқа да іс-шараларды жүзеге асыруға ден қойды.

https://astanahub.com/ru/article/decentrathon-3-0-obedinil-2670-uchastnikov-iz-19-stran-mira

Бангкок, 2025 жылғы 22 мамыр – Таиланд Корольдігінің Үкімет үйінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Таиланд Корольдігінің Цифрлық экономика және қоғам министрлігі арасында цифрлық және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік жөніндегі Меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Рәсімге Қазақстанның Елшісі Арман Исетов пен Таиландтың Премьер-Министрінің орынбасары – Цифрлық экономика және қоғам министрі Прасит Чантаравонгтонг қатысты.

Құжатқа қол қойылуы жоғары технологиялар саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Рәсім барысында Елші А. Исетов цифрландыру кез келген ел экономикасының негізгі элементі екенін атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық даму – бұл жай ғана үрдіс емес, бұл – экономикалық тұрақтылыққа, ұлттық бәсекеге қабілеттілікке және азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін стратегиялық басымдық.

Қол қойылған құжат аясында Қазақстан мен Таиландтың бірлескен күш-жігері ақпараттық технологияларды қолданудағы озық тәжірибе алмасу, электрондық денсаулық сақтау, қашықтан оқыту және цифрлық мемлекеттік қызметтер көрсету салаларында кең мүмкіндіктерге жол ашады. Сонымен қатар, IT-парктер, академиялар және инновациялық орталықтар арасындағы байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді.

Аталған құжат екі елдің инновациялар, білім және технологиялар негізіндегі орнықты цифрлық болашақ құруға деген ұстанымын көрсетеді.

Ақпарат көзі: Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшілігі

https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-thailand/press/news/details/1001995?lang=kk 

Оның өнімділігі шамамен 2 экзафлопсты құрайды. Бұл – Орталық Азия тарихындағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер. Ол жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеулерге арнайы жасалған NVIDIA H200 жаңа графикалық чиптерінің негізінде жинақталған.

Суперкомпьютерді орнату және іске қосу оның үздіксіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін Tier III сенімділік деңгейіндегі ЦДИАӨМ-тің жаңа деректер орталығында жүзеге асырылады. Бұл Президенттің өзінің цифрлық инфрақұрылымын құру және ұлттық AI-экожүйесін дамыту жөніндегі Жолдауын жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам.

Бұл бастама тек мамандар шеңберіне ғана емес, бүкіл елдің цифрлық экожүйесін дамытуға бағытталған. Мұндай қуаттылық бүгінде денсаулық сақтау, энергетика, білім беру және мемлекеттік қызметтер сияқты барлық салаларда қолданыс табуда.

Ең бастысы — суперкомпьютер ресурстары баршаға қолжетімді болады. Оларға нейрондық желілерді оқыту үшін есептеу қуаты қажет стартаптар, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізетін университеттер, сондай-ақ жасанды интеллектті бизнес-процестерге енгізіп жатқан ғылыми орталықтар мен компаниялар қосыла алады.

Суперкомпьютердің жеткізілуі Қазақстанда жоғары өнімді есептеулер экожүйесін дамытуға жол ашты. Айта кету керек, осының аясында Қазақстан алғаш рет жоғары технологиялық жабдықты кедендік баж бен ҚҚС-тан босату механизмін құрды. Бұл елімізді халықаралық IT-компаниялар мен деректер орталығы операторлары үшін әлдеқайда тартымды етеді.

Айта кеткен жөн, Әбу-Дабидің тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Зайд әл Нахаянның Қазақстанға ресми сапары аясында Астанада Presight (G42) компаниясының шетелдік кеңсесінің ашылуы өтті. Сапар барысында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Presight компаниясы арасында елімізде суперкомпьютерлік кластер құру жөнінде келісімге қол қойылды.

«Бұл — елдің цифрлық инфрақұрылымын дамытудағы стратегиялық маңызы бар қадам. Ол Қазақстанның цифрлық егемендігін және ЖИ технологияларын дамыту мен жаһандық IT ойыншыларын тарту бағытындағы өңірлік көшбасшылығын нығайтады», — деп атап өтті Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Бұл жоба — 2029 жылға дейінгі жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асырудың маңызды элементі әрі Қазақстанның заманауи IT-инфрақұрылымын қалыптастыру жолындағы негізгі кезеңдердің бірі болып табылады.

https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/998147?lang=kk

GITEX Central Asia & Caucasus x Ai Everything Kazakhstan атты алғашқы шара 2026 жылдың 2-4 маусымында Астанада өтеді. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Astana Hub-пен серіктестікте ұйымдастырады. GITEX Central Asia & Caucasus x Ai Everything Kazakhstan жыл сайынғы тұрақты шараға айналады. Форумды өткізу жаһандық GITEX қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Орталық Азия мен Кавказ — әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан цифрлық өңірлердің біріне айналуда. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2025–2026 жылдары өңір елдерінің ЖІӨ-сі шамамен 4,7%-ға өседі. Өткен жылы венчурлік қаржыландыру аймақта күрт артып, 95 миллион АҚШ долларына жетті. Тек IT-қызметтер нарығының өзі 2029 жылға қарай 5,6 миллиард АҚШ долларына дейін өседі деп күтілуде.

Осы үрдіс аясында өңірде талантты әзірлеушілер мен IT-мамандардың жаңа буыны қалыптасып келеді, ал өңір елдерінің үкіметтері цифрландыруға мемлекеттік қызметтерден бастап қаржы мен энергетика сынды маңызды салаларға дейін жаңа серпін беруде.Мұның бәрі өңірді жаһандық инновациялық күн тәртібінде алдыңғы қатарға шығаруда.

Осы цифрлық дамудың тартылыс орталығына айналған — Қазақстан. Мұнда Орталық Азиядағы ең ірі гипермасштабты деректер орталығы орналасқан, мемлекеттік қызметтердің 90%-ы цифрланған, сондай-ақ Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы секілді флагмандық халықаралық жобалар іске қосылған. Дәл осы контексте Қазақстан әлемдегі ең ірі технологиялық және стартап-іс-шара — GITEX Central Asia & Caucasus x Ai Everything Kazakhstan форумын қабылдайды. Форум 2026 жылғы 2–4 маусым аралығында Астанада өтеді. Форумның өтетіні туралы ресми хабарлама Берлинде өткен GITEX EUROPE x Ai Everything көрмесінің бірінші күні жарияланды.

GITEX Central Asia & Caucasus x Ai Everything Kazakhstan көрмесін әлемдегі ең ірі технологиялық және стартап-қауымдастық GITEX аясында KAOUN International компаниясымен ұйымдастырылады. Шараны Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Astana Hub-тың қолдауымен өткізеді.

Бұл іс-шара Орталық Азия мен Кавказдағы жасанды интеллект, деректер орталықтары, киберқауіпсіздік, бұлтты шешімдер, FinTech, стартаптар және deep-tech салаларында тәжірибе алмасу мен инвестиция тартуға арналған ең ірі алаңға айналады.

Қазақстан GITEX жаһандық маршрутының тоғызыншы нүктесіне айналды. Берлин, Марокко, Нигерия, Сингапур, Таиланд, Абу-Даби, Дубай және Вьетнам сынды елдерден кейін Қазақстан GITEX жаһандық технологиялық және стартап платформасының тоғызыншы нүктесі болып отыр. Бұл трансшекаралық, көпсалалы платформа инновациялық компанияларға жаһандық нарықтарға, инвестицияларға және таланттарға тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев:

«Бұл – Қазақстанның жаһандық цифрлық инновациялар орталығы болуға бағытталған жолындағы маңызды қадам. Жасанды интеллектіні интеграциялау, таланттарды дамыту, стартаптарды қолдау және халықаралық ынтымақтастық – бұлардың барлығы GITEX философиясымен үндес біздің көзқарасымыз бен құндылықтарымызды көрсетеді. Бізді ортақ цифрлық мақсат пен технологиялық озық әрі гүлденген болашаққа деген ұмтылыс біріктіреді. Бұл әріптестік Қазақстан мен бүкіл өңір үшін зор мүмкіндіктерге жол ашады».

БАӘ инвестициялар жөніндегі вице-министрі Мұхаммед Альхауи:

«Цифрлық бәсекеге қабілеттілік – БАӘ-нің басымдық беретін стратегиялық бағыттарының бірі. Екіжақты сауда серіктестіктері мен технологиялық ынтымақтастық – бұл саясаттың өзегі. CEPA шеңберіндегі келісімдер мен ЕАЭО-мен цифрлық диалогтың жеделдеуі осы ұстанымның дәлелі. Астанада жасанды интеллект пен дата-орталықтарға инвестициялар бойынша қол қойылған келісім – ашылып жатқан мүмкіндіктердің ауқымын нақты көрсетеді. Қазақстанда GITEX Central Asia & Caucasus көрмесінің іске қосылуы – инновацияларға негізделген, инфрақұрылыммен күшейтілген және жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, деректер мен стартаптар салаларындағы шексіз әлеуетпен алға жетелейтін өңірлік альянстың қалыптасуындағы маңызды кезең».

KAOUN International компаниясының бас директоры және GITEX жаһандық ұйымдастырушысы Dubai World Trade Centre-дің атқарушы вице-президенті Трикси Ло Мирманд:

«Central Asia & Caucasus өңірі ресурстар дәуірінен инновациялар мен жасанды интеллект басымдық алатын дәуірге көшіп жатыр. Қазақстан бұл үдерісте алдыңғы қатарда келе жатыр және өңірлік цифрлық бірлестікті қайта қалыптастыру стратегиясы арқылы көшбасшылықты қолға алуда. Астанада GITEX өткізу осы өршіл бағытты жаһандық капитал, код және таланттар желісімен тікелей байланыстырады. Прогрессивті саясат, инфрақұрылымды жедел жаңғырту және ұлттық цифрлық жобалардың легі – әлемдік технология қауымдастығына GITEX Central Asia & Caucasus алаңында танысуға мүмкіндік беретін тарихи сәтті қалыптастырып отыр».

Astana Hub бас директоры Магжан Мәдиев өз сөзінде:

«GITEX – бүкіл әлемде технологиялық индустрия өкілдерін біріктіретін, цифрлық алшақтықты азайтатын, серіктестікті нығайтатын және маңызды цифрлық салаларда ынтымақтастыққа шабыттандыратын платформа ретінде танымал. Біз GITEX 2026 жылдан бастап Қазақстанда ресми түрде басталатынына қуаныштымыз. Қазірдің өзінде серіктестермен бірге бұл жаһандық тех-шоудың қазақстандық нұсқасын жоғары жетістіктердің синониміне айналдыру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұл шара еліміздің цифрлық экономикасын онжылдықтар бойы ілгерілететін басты катализатор болады деп сенеміз».

Орталық Азиядағы технологиялық дамудың катализаторы

GITEX Central Asia & Caucasus x Ai Everything Kazakhstan жасанды интеллект саласының көшбасшыларын, деректер орталықтарының сәулетшілерін, киберқауіпсіздік мамандарын, FinTech жаңашылдарын және өңірдегі ең перспективалы стартаптарды біріктіреді. Олар жаңа даму серпінін қамтамасыз ететін технологияларды әзірлеу және енгізу үшін бас қосады. Қатысушылар GITEX-тің жаһандық желісіне — инвесторлардан бастап стартаптар мен мемлекеттік реттеушілерге және бизнес өкілдеріне дейін — тікелей қол жеткізеді. Бұл көрмеде ұсынылған идеялардың нақты пилоттық жобалар мен масштабталатын шешімдерге жедел көшуіне мүмкіндік береді.

Қазақстан цифрлық серпіліс жолында

Қазақстан Үкіметі 2026 жылға дейін барлық мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіруді және өнеркәсіптік-қаржылық операциялардың 70%-ын автоматтандыруды жоспарлап отыр. Бүгінде Қазақстан БҰҰ-ның онлайн-қызметтер рейтингінде үздік ондыққа енген, ал Жасанды интеллект енгізуге дайындық индексі бойынша Орталық Азияда 1-орында тұр. Елдегі венчурлік инвестициялар көлемі 71 миллион долларға жетті, ал Астанадағы alem.ai орталығы 2029 жылға дейін жасанды интеллект өнімдерінің экспортын 5 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Бұл — технологияларды импорттаудан олардың ауқымды экспортына көшу кезеңі.

БАӘ-мен стратегиялық әріптестікті дамыту

GITEX Астана мен Абу-Даби арасындағы инновациялық дәлізді нығайтады. Биыл БАӘ инвестициялар министрі Қазақстанға сапармен келіп, жасанды интеллект және деректер орталықтары бойынша стратегиялық келісімге қол қойды. Бұдан кейін Абу-Дабиден келген Presight компаниясы Орталық Азиядағы алғашқы кеңсесін Астанада ашып, өңірдің ЖИ әлеуетін арттыруға кірісті. Бұл бастамалар БАӘ мен ЕАЭО арасындағы жан-жақты экономикалық әріптестік туралы келіссөздермен қатар жүзеге асуда.

GITEX Central Asia & Caucasus x Ai Everything Kazakhstan осы жоғары деңгейдегі келісімдерді нақты бірлескен жобаларға айналдырады. Ол Парсы шығанағы елдерінің капиталы мен тәжірибесін Орталық Азия инженерлік әлеуетімен біріктіре отырып, цифрлық өсімнің жаңа қозғалтқышын қалыптастырады.

2025 жылдың басынан бері Қазақстанның 80 мыңнан астам азаматы IT және жасанды интеллект (AI) саласындағы негізгі бағыттар бойынша оқуға қатысты. Astana Hub Цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырып жатқан тегін білім беру бағдарламалары заманауи IT-дағдыларды үйрету және болашақ экономикасына қажетті мамандар даярлау ісінде мемлекеттік саясаттың маңызды құралына айналды.

Оқыту бағдарламалары тәжірибеге негізделіп, бағдарламалау, деректерді талдау, жасанды интеллект және басқа да маңызды бағыттарды қамтыды. Курстар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтеді. Олар жолын енді бастағандар мен тәжірибелі мамандарға, яғни дайындығы әртүрлі деңгейдегі қатысушыларға арналған. Ең үлкен қызығушылық тудырған бағыт – AI, бұл қоғамдағы заманауи цифрлық дағдыларға деген сұраныстың артқанын көрсетеді.

«Astana Hub үшін білім беру – IT мамандарын даярлау ғана емес. Бұл – адамның жасы, кәсібі немесе тәжірибесіне қарамастан, мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған құрал. Қазір технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Сол себепті, әрбір азаматтың практикалық білімге қол жеткізуі және оларды пайдалы мақсатта қолдана білуі аса маңызды. Жасанды интеллект бағытындағы курстарға деген жоғары қызығушылық қазақстандықтардың жаңа құралдарды меңгеріп, цифрлық өзгерістерге белсенді араласуға дайын екенін айшықтайды», – деді Astana Hub басқарушы директоры Дания Ахметова.

Lerna және Skillbox-пен әріптестікте әзірленген «ЖИ негіздері: ChatGPT» курсына 165 785 қолданушы тіркеліп, оның ішінде 80 322 адам оқуды сәтті аяқтады. Екі тақырыптық бөлімнен және 51 бейнесабақтан тұратын бұл курс қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Курсты кез келген уақытта өтуге болады, ал барлық материал қатысушыда сақталады. Олар нейрожелілерді күнделікті өмірде және жұмыста тиімді қолдануды, сұраныстарды дұрыс құрастыру мен тапсырмаларды автоматтандыру дағдыларын меңгереді.

Биыл  наурызда іске қосылған QazCoders бағдарламасы да айтарлықтай нәтиже көрсетті. Қысқа мерзім ішінде 2 657 адам оқуды бастап, олардың 1618-і «AI негіздері» бағытын таңдаса, бүгінге дейін 348 қатысушы сертификат алды. Курстар Udacity платформасында өтіп, әрқайсысының ұзақтығы 6–8 аптаға созылады. Қатысушыларға менторлар мен техникалық мамандардан, сондай-ақ AI-көмекшіден қолдау көрсетіледі. QazCoders аясында бағдарламалау, деректерді талдау және Android әзірлеу бойынша курстар да бар. Бағдарлама Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы тәжірибе алмасу және даму ынтымақтастығы аясында әзірленді.

Деректермен жұмыс істеудің базалық дағдыларына да ерекше көңіл бөлініп жатыр. Яндекс Практикум әзірлеген «Деректерді талдау және Python негіздері» онлайн курсына 1 000-нан астам қолданушы тіркелді. Бұл бағдарлама небәрі бір ай бұрын іске қосылғанымен, қатысушылар саны күн сайын артып келеді. Жалпы ұзақтығы 10 сағатты құрайтын курс теориялық модульдерден, тесттерден және төрт практикалық кейстен тұрады. Оқыту барысында білім алушыларға YandexGPT нейрожелісі көмектеседі. Бұл – цифрлық дағдыларды ана тілінде үйренуге жол ашатын маңызды бастама және Яндекс Практикумның қазақстандық аудиторияға бейімделген алғашқы бағдарламасы.

Astana Hub-тың білім беру бастамалары адам капиталын дамыту және технологиялық сауаттылықты арттыру ісінде маңызды рөл атқарады. 2029 жылға дейін ұлттық AI Movement бастамасы аясында 1 миллион қазақстандықты жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларына оқыту көзделіп отыр. Бұл мақсатқа жету жолында Tomorrow School, AI People және AI’preneurs секілді бағдарламалар да IT-білімді қолжетімді ете түсті.

Барлық бағдарлама мен курстар туралы толық ақпаратты Astana Hub мобильді қосымшасындағы AI Movement бөлімінен (App Store және Google Play) таба аласыз.

https://astanahub.com/kk/article/astana-hub-za-piat-mesiatsev-bolee-80-tysiach-kazakhstantsev-proshli-obuchenie-v-sfere-it-i-ai