Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық суперкомпьютер орталығында MedTech, EdTech, GovTech және өнеркәсіп салаларындағы отандық IT-шешімдер таныстырылды.

Атап айтқанда: SmartCity Astana жобасы инновациялық технологияларды енгізу арқылы қаладағы өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді. Жасанды интеллектіні қолданатын 100 мыңнан аса бейнебақылау камерасы іске қосылып, елорданың цифрлық сыңары жасалады. Бұл қоғамдық орындардағы ықтимал тәуекелдерді онлайн-режимде анықтап, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Жобаны жеке серіктес толығымен қаржыландырады.

AlemLLM жобасы – дәлдігі жоғары қазақ тілінің үлкен тіл моделі. Жергілікті қолданысқа бейімделген. Модель балама шешімдердің арасында үздік көрсеткіштерге ие және түрлі салада кеңінен қолданысқа арналған.

AI Kitap жобасы – цифрлық AI-оқулықтарға арналған платформа. Әр оқушының білім деңгейіне, сабақ үлгеріміне және жеке талғамына қарай оқыта алады.

Baspana Hub – азаматтардың тұрғын үйге сұраныстарын онлайн түрде шешуге арналған цифрлық экожүйе. Жүйе арқылы маркетплейстен үй іздеп, сатып алуға, жылжымайтын мүлікке қатысты мемлекеттік қызметтерді алуға, жөндеу жұмыстарының немесе құрылыс материалдарының онлайн-сметасына тапсырыс беруге болады. Жоба сырттан қаржы, инвестиция тартпай жүзеге асырылған.

Biny.co – жүк тасымалы саласындағы отандық стартап. Команда Google for Startups – Silkway Accelerator бағдарламасына қатысып, үздік үштікке енген. Өнімді тұтынушылар қатарында QazPost, Coca-Cola, Gorilla Asia және Zeta Trade компаниялары бар.

Surfaice.pro – Кремний алқабындағы қазақстандықтар негізін қалаған технологиялық компания. Стартап құрылыс саласына арналған инновациялық шешімдер әзірлеумен айналысады. АҚШ-тың бес штатында жұмыс істейді. Компания Big Sky Capital және Shadow Ventures қорларынан 1,5 миллион доллар инвестиция тартқан.

OlympIQ – спорт саласын дамытуға арналған технологиялық платформа. Жүйе ЖИ көмегімен талдамалық, операциялық, медициналық және ұйымдық деректерді өңдеуге мүмкіндік береді.

Орман өртін алдын ала анықтау жүйесі өртке қарсы әрекет ету уақытын едәуір қысқартып, апаттың ауқымы мен шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Жоба бейнемониторинг, бейнеталдау және жасанды интеллект технологиялары негізінде жұмыс істейді. Аталған жүйе «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Ертіс орманы» резерватына енгізілген.

AI-хаттама агенті – мемлекеттік органдардағы жиналыстың аудиожазбалары негізінде транскрипция жасап, хаттама дайындайтын жасанды интеллект қызметі. Жоба құжат айналымын жеделдетуге, қол еңбегін азайтып, ақпараттың нақтылығы мен сақталуын жақсартуға бағытталған.

AI-Терапевт – дауыс арқылы енгізілген ақпарат негізінде медициналық құжаттаманы автоматты түрде әзірлейтін ЖИ жүйесі. Аталған жоба сырқаттың анамнезін қалыптастырып, ықтимал диагнозды алдын ала анықтай алады. Сондай-ақ тиісті клиникалық ұсынымдары бар медициналық есепті автоматты түрде құрастырады.

ЖИ қолдану арқылы радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру (PACS жүйесі) жобасы онкологиялық ауруларды ерте кезеңінде анықтауға арналған. Бұл жүйе медициналық кескіндерді сақтап, өңдеуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) ресми түрде Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерді іске қосты.

Салтанатты ашылу рәсімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Alem.cloud Ұлттық суперкомпьютер орталығында өтті.

Жаңа есептеу кластерінің өнімділігі өңір бойынша рекордтық көрсеткішке ие — 2 экзафлопс (FP8 әдісі бойынша). Бұл суперкомпьютерді Орталық Азиядағы ең қуатты ақпараттық технологиялық шешімге айналдырады.

Суперкомпьютердің инфрақұрылымы заманауи Tier III деректер орталығында орналасқан, бұл жүйенің жоғары сенімділігі мен үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.

Өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев суперкомпьютердің іске қосылуы экономика мен ғылымның негізгі салаларын цифрландырудағы маңызды қадам екенін атап өтіп, озық технологияларды күнделікті өмірге енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.

Жоба Мемлекет басшысының ұлттық технологиялық инфрақұрылымды қалыптастыру және Қазақстан Республикасында жасанды интеллектті дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылды.

«Ұлттық суперкомпьютерлік орталықты іске қосу — елдің технологиялық егемендігін дамытудағы стратегиялық қадам. Біз жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру үшін жағдай жасап отырмыз», — деп атап өтті цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Презентация барысында Мемлекет басшысына жаңа суперкомпьютердің есептеу ресурстары арқылы әзірленген отандық жасанды интеллект жобалары да таныстырылды. Олардың қатарында AlemLLM — қазақ тіліне бейімделген үлкен тілдік модель, орман өрті қауіпін ерте анықтау жүйесі, сондай-ақ медицина, құрылыс және білім беру салаларындағы инновациялық жобалар да бар.

Суперкомпьютердің іске қосылуымен Қазақстанда алғаш рет нейрожелілік шешімдер әзірлейтін стартаптар, университеттер, ғылыми орталықтар, мемлекеттік және жеке секторлар үшін жоғары өнімді есептеу ресурстарына кең қолжетімділік пайда болды.

Бұл оқиға цифрлық технологиялар, үлкен деректер және жасанды интеллект салаларын дамытудың жаңа кезеңін ашып, Қазақстанның өңірлік технологиялық көшбасшы ретіндегі мәртебесін нығайтады.

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) «AI-Sana: инерциядан серпінге» ұранымен ауқымды іс-шара өткізді. Игі бастама жасанды интеллектіні (ЖИ) кеңінен насихаттауға және оны экономиканың түрлі салаларына енгізуді көздейді.
Талқылауға 150-ден астам қатысушы қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік органдар, бизнес пен азаматтық қоғам өкілдері, IT-кәсіпкерлер, сарапшылар, студенттер және жоғары сынып оқушылары бар.

Қазақстан ЖИ технологияларын дамыту және енгізу бойынша өңірдегі көшбасшы атанып отыр. Мемлекет цифрлық трансформацияға стратегиялық әрі кешенді көзқараспен қарап, Еуразиялық цифрлық хаб құруға ұмтылып келеді.

Іс-шараның модераторы — «Talap» қолданбалы зерттеулер орталығының бас экономисі Рахим Ошақбаев болды.

Талқылауға қатысқан Президент Кеңесшісі Қуанышбек Есекеев өзінің кіріспе сөзінде, Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық алғышарттар бар екенін және бұл бағытта белсенді қадамдар жасау қажеттігін атап өтті:
«ЦДИАӨМ бұл салада белсенді жұмыс істеп жатыр және көптеген жобаларды ұсынуда. AI-Sana – бұл тек технологияларды енгізу жолы ғана емес, сонымен бірге отандық әзірлеушілердің инновацияны қалай ілгерілетіп жатқанын көрсету мүмкіндігі. Бұл талқылаулар маңызды нәтижелер әкеледі деп сенемін».

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев Қазақстан тек жаһандық трендтерді бақылап қоймай, сонымен бірге технологиялық күн тәртібін өзі, жеке қалыптастыруы қажет екенін мәлімдеді:
«Бүгінгі іс-шара – қоғамның барлық топтарын қамтитын, AI-Sana бастамасын ілгерілетуге арналған маңызды оқиға. Осы орайда, мектеп оқушыларына арналған Tumo Education (12–18 жас), студенттер мен ересектерге — Tomorrow School бағдарламалары іске қосылады. Бұл бастамалар азаматтарға ЖИ саласындағы дағдыларды меңгеруге көмектеседі».

Министр сондай-ақ Alem.AI орталығының жұмысымен таныстырды. Онда кез келген тұрғын жасанды интеллект негіздерін оқи алады. Бұл жобалар цифрлық экономиканың инфрақұрылымын дамытуға және кадрларды даярлауға бағытталған.

Іс-шара барысында банк секторы, денсаулық сақтау және білім беру салаларында қолданылып жатқан ЖИ жобалары ұсынылды. Олардың қатарында, Haileybury Astana мектебінде жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу жобасы да бар.

Талқылау барысында, технологиялық прогреске қарамастан, негізгі бастамашы және ЖИ жүйелерінің негізгі пайдаланушысы — адам болып қала беретініне баса мән берілді.
ЦДИАӨМ цифрлық экожүйені дамыту жолындағы бірқатар жұмыстарды жалғастыруда. Ол – мемлекет, бизнес, сарапшылар және азаматтардың арасында диалог орнатып, жасанды интеллектіні Қазақстанның күнделікті өмірі мен экономикасына сәтті енгізу мақсатында қолға алынуда.

Astana Hub пен Google for Startups бірлесіп жүзеге асыратын халықаралық акселерациялық бағдарламаның алтыншы легінде 15 стартап финалға өтті. Сараптамалық комиссия көпсатылы іріктеу нәтижесінде 200-ге жуық өтінімнің ішінен әлеуеті жоғары командаларды таңдап алды.

Финалдық тізімге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан және Моңғолиядан келген технологиялық стартаптар енді. Барлық жоба PMF немесе Scale кезеңінде, олар жасанды интеллект, финтех, білім беру, логистика, e-commerce, медицина және бизнес басқару салаларында нақты шешімдер ұсынып отыр.

«Сегіз жыл ішінде әлемдегі алдыңғы қатарлы стартап-экожүйелердің бірін құрдық. Бүгін халықаралық акселерацияның жаңа  легін бастаймыз. Бұл жолы оған алты елдің стартаптары енді және бұл тек бастамасы ғана. Silkway Accelerator бағдарламасы іске қосылған үш жыл ішінде Орталық Еуразия елдерінен 1500-ге жуық өтінім қабылданды, олардың ішінен 77 стартап іріктеуден өтті, ал 62-сі бағдарламаны сәтті аяқтады. Бұл стартаптар 28 миллион доллардан астам инвестиция тартып, жалпы нарықтық бағалауы 500 миллион доллардан асты. Бұл – өңіріміздің жаһандық деңгейде бәсекелесе алатынының айқын дәлелі», – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев.

Финалистердің қатарында: e-commerce үшін 3D және AR контент генерациялайтын платформа Tryverse (Әзербайжан); тапсырыстан бастап жеткізуге дейінгі тігін өндірісін басқаруға арналған цифрлық жүйе Booster (Қырғызстан); логистика, энергетика, агросектор және smart city бағыттарына арналған IoT+AI платформасы мен құрылғылары Steppe AI (Моңғолия); жүргізуші жалдау және жарнамалық кузовтар арендасын делдалсыз жүзеге асыратын логистикалық қосымша Marjan (Өзбекстан); мемлекеттік органдарға арналған жасанды интеллект шешімдері: болжамдар, аномалияларды анықтау және процестерді автоматтандыруға арналған epsilon3.ai (Тәжікстан).

Қазақстан атынан бұл лекте 10 стартап қатысып жатыр. Олардың қатарында, әлеуметтік желілерге арналған видеомаркетингті масштабтауға мүмкіндік беретін AI-сервис Messiah, ол контентті бейімдеп, автоматты түрде жариялайды; жаңа буындағы әлеуметтік-брокерлік инвестициялық платформа Paidax; емтиханға дайындыққа арналған EdTech-сервис Daryn.online; жасанды интеллект функциялары бар ақылды стоматологиялық CRM жүйесі MacDent AI; HoReCa және ритейл салаларындағы шағын және орта бизнесті автоматтандыруға арналған ERP платформа ROSTA; чаттар мен қоңыраулар арқылы сату процесін автоматтандыруға арналған AI құрал on.ai; медициналық және спорттық мақсаттағы сенсорлық AI-ұлтарақтар Mirai Tech; ағылшын тілін жасанды интеллект негізінде сөйлесу симуляциясы арқылы үйрететін EdTech өнім Playlish; терең талдау мен маркетингтік зерттеулерге арналған AI платформасы pwron.ai; жалға беру бизнесін бір жүйеде басқаруға арналған SaaS шешім және маркетплейс Yume.

Astana Hub-та өткен дәстүрлі Opening Day іс-шарасына Google for Startups және Developer Relations жетекшісі Рамеш Чандер, бағдарлама трекерлері Евгений Фролов пен Ник Тян, сондай-ақ қазақстандық IT-қауымдастық пен венчурлік инвесторлар қатысты. Қатысушылар өз шешімдерін таныстырып, акселерациялық кезеңдегі мақсаттарын және жаһандық нарықтарға шығу жоспарларын ортаға салды.

«Орталық Азия, Әзербайжан және Моңғолия – өзіндік технологиялық серпінге ие аймақтар. Біз, Google компаниясы, осы даму жолын қолдап, Astana Hub-пен әріптестікті мақтан тұтамыз. Silkway Accelerator бағдарламасы аясында әлемді өзгертетін стартаптар дүниеге келіп жатыр. Жаңа лек қатысушылары – батыл ойлайтын, жоғары сапада жүзеге асыратын және тұтас салаларды түрлендіре алатын командалар. Мұнда денсаулық сақтау, финтех, жасанды интеллект және басқа да салаларда алдыңғы қатарлы шешімдер бар. Осы сапардың бір бөлігі болғаныма қуаныштымын және алда қандай өнімдер жасалатынын асыға күтемін», – деді Рамеш Чандер.

Үш ай көлемінде қатысушылар Астанада офлайн форматта акселерациядан өтеді. Бағдарлама шеңберінде қарқынды трекинг, халықаралық сарапшылар тарапынан менторлық қолдау, гипотезаларды тексеруге көмек, өнімдік және бизнес метрикаларды дамыту, халықаралық нетворкинг, тегін кеңсе және коливингте тұру мүмкіндігі қарастырылған. Барлық команда Astana Hub Ventures қорынан инвестиция алуға үміткер бола алады.

Айта кетерлігі, Digital Bridge 2025 халықаралық форумындағы Demo Day барысында Silkway Accelerator бағдарламасының қорытындысы шығарылады. Бұл күні стартаптар өз жетістіктерін инвесторларға, корпорацияларға және жаһандық технологиялық экожүйе өкілдеріне таныстырады.

Қазақстан «50-in-5» жаһандық бастамасына қосылды. Бұл бастама елдердің күшін біріктіре отырып, цифрлық қоғамдық инфрақұрылымның (DPI) негізгі элементтерін жедел енгізуді мақсат етеді. Бұл технологиялар заманауи, ыңғайлы, проактивті мемлекеттік қызметтерді дамытуға негіз болып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және цифрлық экономиканы ілгерілетуге ықпал етеді.

Цифрлық қоғамдық инфрақұрылым – бұл цифрлық төлемдер, сәйкестендіру және деректер алмасу жүйелерінің қауіпсіз әрі өзара әрекеттесе алатын жиынтығы. Цифрлық дәуірде бұл жүйелер экономика мен әлеуметтік өмірге толыққанды қатысудың басты алғышартына айналды. DPI барлық мемлекеттердің орнықты әрі инновациялық экономика құрып, азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуі үшін қажет.

«50-in-5» бастамасының негізгі мақсаты – 2028 жылға дейін 50 ел кем дегенде бір DPI элементін енгізуі. Бұл тәжірибе алмасу және ашық цифрлық өнімдерді қолдана отырып, бірлескен шешімдер әзірлеу шығындарды азайтып, трансформацияны жеделдетуге мүмкіндік беретініне негізделген.

«Қазақстандағы цифрлық трансформацияның басты өзегі – адам. Біз үшін технология – жай ғана технология емес, ол азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған құрал. Осы мақсатта біз әр қадамымызды халық игілігі үшін жасай отырып, ашық, түсінікті және тиімді цифрлық мемлекет құрып жатырмыз. Цифрлық шешімдер қашықтықты қысқартады, осы арқылы адамдар қайда тұрса да, біз оларға жақынырақ бола аламыз. «50-in-5» бастамасына қосылу – адамға бағытталған цифрлық трансформациямызды үдетіп, шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін маңызды қадам», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Қазақстанда цифрлық қоғамдық инфрақұрылымның негізгі элементтері табысты енгізіліп, бүкіл ел аумағында кеңейтілуде. Цифрлық сәйкестендіру жүйесінің (Digital ID) негізгі бөлігі – eGov Mobile мобильді қосымшасы. Бұл – ресми электрондық үкіметтің супермобильді қосымшасы, ол қауіпсіз авторизация, қашықтан жеке басын растау және мемлекеттік қызметтердің кең ауқымына қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Бүгінде eGov Mobile қосымшасын 10,9 миллионнан астам қазақстандық пайдаланады, оның ішінде ай сайынғы белсенді аудитория 5,3 миллион адамды құрайды, ал тәулігіне орта есеппен 354 мың пайдаланушы қосымшаға кіреді. «Қызметтер» бөлімінде 200 түрлі сервис қолжетімді, ал eGov Mobile арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтердің жалпы саны 82 миллионнан асты.

Пайдаланушылардың ерекше қызығушылығын «Цифрлық құжаттар» бөлімі тудырады. Онда жеке куәліктен бастап жүргізуші куәлігіне дейін 38 түрлі электрондық құжат қолжетімді. Бұл функция іске қосылғаннан бері құжаттарды 25,7 миллионнан астам рет қолданған.

Қазақстандағы мемлекеттік жүйелер арасында деректер алмасу үшін Smart Data Ukimet ақпараттық-талдамалық платформасы жұмыс істейді. Оған 124 мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі біріктірілген. Бұл интеграция азаматтардың өмірлік жағдайларына автоматты түрде жауап ретінде проактивті мемлекеттік қызметтерді әзірлеуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда әлеуметтік бағыттағы 45 проактивті мемлекеттік қызмет әзірленген. Олар азаматтарға, әсіресе өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға бағытталған атаулы көмек көрсетуге арналған. Осындай қызметтер 4,3 миллионнан астам рет көрсетілді. Smart Data Ukimet, Электрондық үкімет шлюзі және Smart Bridge бірігіп, ұлттық деректер алмасу жүйесінің негізін құрайды.

«50-in-5» – бұл цифрлық қоғамдық инфрақұрылымды енгізу арқылы цифрлық күн тәртібін жеделдетуге бағытталған елдер бастамасы. Бұл бастама Билл және Мелинда Гейтс қоры, Цифрлық қоғамдық инфрақұрылым орталығы, Co-Develop ұйымы, Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсы және БҰҰ Даму бағдарламасымен (ПРООН) бірлесіп жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, бастамаға GovStack, Америкааралық даму банкі, ЮНИСЕФ және БҰҰ-Әйелдер ұйымы қолдау көрсетеді.

«50-in-5» бастамасы аясында елдер цифрлық көшбасшылармен тәжірибе алмасып, халықаралық үздік тәжірибелерді зерделеп, техникалық және әдістемелік қолдау ала алады. Қазақстан үшін бұл бастамаға қатысу – ұлттық цифрлық әлеуетті нығайтып, әрбір азаматтың мүддесіне жұмыс істейтін орнықты цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды қадам.

https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/1023778?lang=kk