ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Алматыда өткен «Digital Almaty 2025: Industrial AI: жаңа дәуірге арналған технологиялар» халықаралық цифрлық форумында сөз сөйледі. Пленарлық отырысқа Әзербайжан Премьер-министрі Әли Идаят оғлы Асадов, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Роман Головченко, Иран Ислам Республикасының бірінші вице-президенті Ареф Мохаммад-Реза, Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Қасымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян және ЕЭК алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының өкілдері шақырылды. Алаңда AI-дің экономикаға, өнеркәсіптік экожүйелерге, медицинаға, білімге және басқа да салаларға интеграциясы және инновациялық даму перспективалары мәселелері көтерілді. Форумның пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде Премьер-министр Олжас Бектенов жасанды интеллект дамуының негізгі факторлары: адами капиталды, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және институционалдық негіз құру екенін атап өтті. Цифрлық технологияларды енгізу ЖІӨ-нің жыл сайынғы өсімін 2-3%-ға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл ЖИ-дің экономика дамуындағы маңызды рөлін айқындайды.
Қазақстанның стратегиялық басым міндеттерінің бірі – жасанды интеллект саласында мамандар даярлау. Алдағы 5 жылда мемлекеттік қызметкерлермен толық қамти отырып, 1 млн адамды оқыту жоспарланып отыр. Бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, өткен жылы Қазақстанда белгілі француз педагогі Николя Садиракпен бірлесіп Tomorrow School жасанды интеллект мектебі ашылды. Білім беру үдерісі инновациялық әдістерге, соның ішінде геймификацияға және оқытушыларды қажет етпейтін peer-to-peer жүйесіне негізделген. Қазақстан білікті кадрларды даярлауда стандартты емес тәсілдерді енгізу мәселелерінде тәжірибе алмасуға дайын екендігін білдірді. Олжас Бектенов цифрлық инфрақұрылымды дамыту жағдайында есептеу ресурстарын тиімді бөлу қажеттігін атап өтті. Жергілікті үлкен тілдік үлгілерді (LLM) және мультимодальды жүйелерді әзірлеу мәдени құндылықтарды сақтауға жергілікті ерекшеліктер мен азаматтардың мүдделерін ескере отырып, цифрлық шешімдерді бейімдеуге және деректер қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Жасанды интеллектті дамытудың институционалдық негізін қалыптастыру шеңберінде Қазақстанда тиісті Тұжырымдама бекітілді, ол Ұлттық ЖИ стратегиясын әзірлеу үшін бастапқы негіз болды. Инновацияларды дамыту үшін құқықтық негіз құруға бағытталған жасанды интеллект туралы заң жобасын әзірленді. Бұған қоса ҚР Президентінің жанынан озық технологияларды енгізу үшін жетекші отандық және халықаралық сарапшыларды біріктіретін жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңес құрылады. Сонымен қатар AI-стартаптарын қолдау үшін Astana Hub базасында мақсатты көліме $1 млрд-ты құрайтын Венчурлік инвестициялар қорларының Қоры құрылды. Олжас Бектенов форумға қатысушылардың назарын жасанды интеллект дамуының бірқатар маңызды аспектілеріне аударды. Бұл – жасанды интеллект дамуының еңбек нарығына әсерімен байланысты сын-қатерлер, мамандарды қайта даярлау қажеттілігі, этика мәселелері, экологиялық жүктеме және технологияларға тең қол жеткізуді қамтамасыз ету. Форум аясында қазақстандық және шетелдік мамандардың ЖИ-стартаптары мен жобалары ұсынылды. Отандық Codiplay мобилді қосымшасы бүгінде 13 елде қолданылады және IT-сауаттылық бойынша оқып жатқан 13 млн баланы қамтиды. Шынайы өмірді модельдеу жанрында рөлдік режимі бар Grand Mobile ойыны таныстырылды. Бірегей пайдаланушылар саны айына 5 млн-нан асады. Ірі кәсіпорынның жұмысын басқаруға мүмкіндік беретін АМК X Belka AI жобасы көрсетілді. Технологияны Ақтөбе мыс компаниясы пайдаланады және +3% өндірістік қуатты және +1% кеннен метал алуды қамтамасыз етеді. Стартаптардың дамуы экономиканың түрлі салаларында ілгерілеуге ықпал ететіні атап өтілді. Қазақстан Үкіметі ынтымақтастыққа ашық әрі жаңа жобаларға қолдау көрсетуге дайын. https://primeminister.kz/news/olzhas-bektenov-digital-almaty-2025-tsifrlyk-forumyna-katysty-29628 |