ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында цифрландыру бойынша өзекті мәселелер мен Қазақстанның цифрлық кодексін әзірлеу барысы талқыланды.

Роман Скляр соңғы жылдары Қазақстанда цифрландыру бойынша ауқымды реформалар жүргізілгенін атап өтті. Үкімет тарапынан цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалуда.

Бүгінде 92% мемлекеттік қызмет электронды түрде көрсетіледі, оның 86%-ы смартфон арқылы қолжетімді.

Жасанды интеллектіні ел тіршілігінде жаппай қолдану бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның негізінде халықтың және жолдағы қозғалыстың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «СЕРГЕК» жүйесі және автоматтандырылған инсульт диагностикасына арналған «CEREBRA» платформасы және медмекемелер жүйелеріне арналған «Forus Data» жұмыс істейді.

NVIDIA, Coursera, Amazon, Microsoft және Google компанияларымен бірлесе жасанды интеллект және машиналық оқыту бойынша тегін сертификат берілетін оқыту бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр.

Сондай-ақ Қазақстан цифрлық әлемдегі жаңа Жібек жолының басты қатысушысы болуға ұмтылады.

Бұл бағыттағы басты құжат – елді цифрландырудың негізгі принциптері белгіленген Цифрлық кодекс болмақ. Ол цифрлық технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектті реттеудің жаңа тәсілдерін енгізуге, азаматтар мен бизнес үшін қауіпсіз және жайлы цифрлық орта құруға мүмкіндік береді.

Отырыс барысында Қазақстандағы Америка сауда палатасының атқарушы директоры Дорис Брэдбери, Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Кэти Лич, Италияның Қазақстандағы Р Төтенше және Өкілетті елшісі Марко Альберти, ЕҚДБ Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озхан, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев, сондай-ақ Dentons, Microsoft және Google компанияларының өкілдері баяндама жасады.

Цифрлық кодексті әзірлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға қатысты цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин түсініктеме жасады.

Кеңес отырысыны қорытындылай келе, Роман Скляр Қазақстан Үкіметі өзара тиімді серіктестік құруға бағытталған талқылауларға, ұсыныстар мен жаңа жобаларға дайын және ашық екенін атап өтті.

Сонымен қатар Премьер-Министрдің бірінші орынбасары елімізде цифрлық технологияларды әрі қарай дамыту бойынша айтылған барлық кеңес пен ұсынысты пысықтауды тапсырды.

https://primeminister.kz/news/ukimette-khalykaralyk-uyymdar-men-kompaniyalar-okilderinin-katysuymen-tsifrlyk-kodeksti-azirleu-barysy-talkylandy-28659