Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Корея Республикасының Ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрі доктор Ли Чон Хомен кездесу өткізді.

Кездесу барысында электронды үкімет саласында тәжірибе алмасу, жасанды интеллектті пайдалану, IT саласы мен аэроғарыш өнеркәсібін дамыту бойынша өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

«ҰАТ» АҚ Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы Дмитрий Мун eGov mobile мобильді қосымшасы, Smart Bridge және Smart Data Ukimet, «Өмірлік жағдайлар» бөлімі, проактивті сервистер, цифрлық құжаттар және т.б. электронды үкімет компоненттері мен қазақстандық Govtech шешімдерін таныстырды.

Бүгінгі таңда eGov мобильді қосымшасында 33 цифрлық құжат пен 1067 қызмет қолжетімді, оларды ай сайын 5 миллионнан астам пайдаланушы белсенді пайдаланады. Қолданбаны қолданушылардың жалпы саны 9 миллионға жуық пайдаланушыны құрайды.

Корея Республикасының Ғылым және АКТ министрі доктор Ли Чон Хо ЦДИАӨМ электронды үкімет пен аэроғарыш өнеркәсібі саласындағы саясаттың арқасында Қазақстанның инновациялар мен трансформацияның орталығында орналасқанын атап өтті.

Қазақстан мен Корея Республикасының цифрландыру саласындағы ынтымақтастығы соңғы бес жылда белсенді түрде дамып келеді. 2019 жылы қол қойылған Төртінші өнеркәсіптік революция туралы меморандум аясында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді.

Сондай-ақ Цифрлық даму министрлігі National Information Society Agency-мен (Корея Республикасы) тығыз жұмыс істейді. Өткен жылы NIA басшысы «Отбасының цифрлық картасы» жобасын жоғары бағалады.

ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі