2024 жылғы 23 мамырда Астанада Цифрлық даму министрлігінің алаңында Қазақстан-Қытай үкіметаралық ынтымақтастық комитетінің Инновациялық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің бірінші отырысы өтті.

Отырыс шеңберінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин мен ҚХР Ғылым және технология министрінің орынбасары Чэнь Цзячан 5G желісін, аэроғарыш өнеркәсібін және басқаларын дамытуды қоса алғанда, түрлі бағыттар бойынша инновациялар саласындағы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар негізгі мәселелерді талқылады.

Отырыс барысында бірлескен зерттеу орталықтарын құру, сондай-ақ аэроғарыш өнеркәсібі, электрондық коммерция саласындағы бірқатар инновациялық зерттеу жобаларын қаржыландыру мүмкіндігі талқыланды.

Сонымен қатар, кіші комитет ғарыштық зерттеулер, микроспутниктерді пайдалану, қашықтықтан зондтау, аграрлық секторды цифрландыру, сейсмикалық бақылау көмегімен ауыл шаруашылығы мен табиғи апаттар мониторингі саласында бірлескен ғылыми-инновациялық жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастықты кеңейту туралы шешім қабылдады.

Қысқа мерзімді тағылымдамалар мен бірлескен ғылыми-инновациялық жобаларды қоса алғанда, инновациялар саласында таланттарды даярлау үшін өзара жағдайлар жасау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Екі тараптың тең төрағалары Қытай мен Қазақстандағы ғылыми-техникалық инновацияларды дамыту саясаты мен жай-күйі туралы ақпарат алмасуға уағдаласты, сондай-ақ кіші комитеттің екінші отырысы 2026 жылы Қытайда өтеді деп шешті.

Кіші комитет отырысы Астана мен Бейжің арасындағы инновациялық ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру екі тарапқа да ғылым, технология және инновация саласында елеулі табыстарға қол жеткізуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі