BTS Digital компаниясы, "Astana Hub "IT-стартаптардың халықаралық технопаркі" корпоративтік қоры және "Астана" халықаралық орталығының (АХҚО) Tech Hub Қазақстанда цифрлық платформалық шешімдерді дамыту бойынша консорциум құру ниеті туралы келісімге қол қойды. Тараптар экономика салаларын цифрландыру және бірлескен цифрлық платформалар құру үшін өз құзыреттері мен ресурстарын біріктіруді жоспарлап отыр. Бір жағынан, платформалық шешімдер пайдаланушылар үшін қолайлы жағдай жасайды, шығындарды оңтайландырады, сервистерді нарыққа шығару жылдамдығын арттырады, екінші жағынан – сапалы инфрақұрылымды талап етеді және сапалы сараптама мен қолдауды қажет етеді. "Біздің консорциумға қатысушы ретіндегі мақсатымыз – платформалық тәсіл шеңберінде сервистерді іске асыру мен біріктіру практикасын енгізу, жаңа платформалық шешімдерді құру және Қазақстанда серпінді цифрлық ат-жобалардың пайда болуына жәрдемдесу", – деп түсіндірді BTS Digital компаниясының Бас директоры Нұртай Әбілғалиев. Консорциум құру процесі бірнеше кезеңге бөлінеді. Ол қолданыстағы платформалар мен шешімдерді талдаудан, команданы құру мен дайындаудан, серіктестерді іздеуден және анықтаудан басталады. Алдағы уақытта жол картасы қалыптастырылып, жақын арадағы жобалар айқындалатын болады. "Цифрлық платформаларды енгізу инновациялық әзірлемелерді таратуды, сәйкесінше, бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейді. Бұл бастама қазақстандық стартаптарға IT-өнімдерді пайдаланушылардың қажеттіліктеріне тезірек бейімдеуге және жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді",-деп атап өтті Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев. "Платформалық тәсіл цифрлық жобалардың дамуын айтарлықтай жылдамдатады және жеңілдетеді. Бұл тұрғыда АХҚО Tech Hub тәжірибесі мен мүмкіндіктері технологиялық компанияларды қолдауға, инновациялық экожүйелер мен қаржы технологияларын дамытуға жәрдемдесуге, сондай-ақ халықаралық нарыққа жаңа өнімдер мен сервистерді шығаруға мүмкіндік береді. Нарықтың жетекші қатысушыларымен күш біріктіре отырып, біз Қазақстанның цифрлық саласының сапалы өсуі үшін ғана емес, оның ұлттық экономикаға ықпалын кеңейту үшін де жағдай жасаймыз", - деп түйіндеді Tech Hub бас директоры Павел Коктышев. |