28–30 наурыз аралығында өтетін жасанды интеллект саласындағы ауқымды көрме – AlmatyFair.ai аясында қазақстандық болашағы зор AI-стартаптар арасында AI Startup Showdown атты питч-баттл ұйымдастырылады.

Стартаптар инновациялық шешімдерін ұсынып, жалпы жүлде қоры 10 000 АҚШ долларын және Кремний алқабындағы Hero Training  (АҚШ) акселерация бағдарламасына қатысу мүмкіндігін ұту үшін бақ сынайды.

Соңғы жылдары әлем бойынша жасанды интеллектке негізделген шешімдерге сұраныс күрт артса, Қазақстан жаһандық технологиялық картада өз орнын нықтап келеді. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын құру. Аталған орталықтың көмегімен Қазақстан 2029 жылға дейін AI-шешімдерінің экспортын $5 млрд дейін арттырып, бизнес пен таланттарға жаңа мүмкіндіктер ашуды көздеп отыр. alem.ai мыңдаған AI-маман даярлауға, жаңа стартаптар құруға және жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулерді дамытуға жол ашады.

AI Startup Showdown-ға қатысу – тек жүлде ұтып алу емес. Бұл – стартапты таныстыру, халықаралық деңгейге шығу, инвестиция тарту, стратегиялық серіктестер табу және жетекші AI-сарапшылардан құнды кеңес алудың бірегей мүмкіндігі.

Биылғы баттлға жасанды интеллектке негізделген шешімдер әзірлейтін 13 болашағы зор стартап қатысады: flection.ai, Bizdin.ai, RE:Create AI, KOZ AI, Finflow, Foody.AI, Qala AI, redflags.ai, Protector AI, WeGlobal.ai, Pleep, KikoAI және OncoZero.AI. Олар денсаулық сақтау, қаржы, логистика мен білім беру салаларына маманданған жобаларын ұсынады. Қатысушылардың жұмысын табысты AI-компаниялардың негізін қалаушылар мен саланың жетекші сарапшылары бағалап, оларға тәжірибеге негізделген пікірлер мен ұсынымдар береді.

Еске салсақ, 28-30 наурыз аралығында Алматыда AlmatyFair.ai атты жасанды интеллект саласындағы ең ірі көрме өтеді. Бұл іс-шара жетекші IT-компаниялар, стартаптар мен AI-сарапшыларын біріктіретін бірегей алаң болмақ. Көрме бизнес, әзірлеушілер мен жасанды интеллектке қызығушылық танытқан кез келген адамға осы саладағы жетістіктермен танысып, тәжірибеде қолданылуын көру мүмкіндігін ұсынады.

AlmatyFair.ai жасанды интеллект бүгінде өндіріс, қаржы, мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын қалай түрлендіріп жатқанын айшықтайды. Қонақтар GovTech, BigTech, Smart City бағыттарындағы озық шешімдермен танысып, IT-компанияларға, өндірістік инновацияларға, білім беру жобаларына арналған аймақтарды және стартаптар аллеясын тамашалай алады.

AlmatyFair.ai көрмесін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырады. Көрменің бас демеушісі – Kaspi.kz, ал ресми серіктестері – Freedom Bank пен Halyk Bank.

Көрме Алматыдағы ірі алаңдардың бірі — «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығында өтеді. Бағдарлама мен толық ақпарат AlmatyFair.ai сайтында қолжетімді, ал көрмеге қатысу үшін мына сілтеме арқылы тіркелуге болады.

https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/963577?lang=kk

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Цифрлық даму министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов адами капиталды дамытуды, дербес деректерді қорғауды және сенімді инфрақұрылымды құруды қамтитын киберқауіпсіздіктің жаңа шаралары туралы айтты.

2024 жылы халықтың киберқауіпсіздік мәселелері бойынша хабардарлығы 80,4%-ға жетті. Ақпараттық қауіпсіздік саласында кадрлар даярлау 8 ЖОО мен 25 колледжде жүргізіледі. Мемлекеттік білім беру тапсырысы жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2024-2025 жылдары киберқауіпсіздік және криптология саласында 3600 білім гранты бөлінді.

2024 жылы ақпараттық қауіпсіздік бойынша 210 тексеру және дербес деректерді қорғау бойынша 60 тексеру жүргізілді.

2025 жылғы 13 наурыздан бастап дербес деректерді, электрондық құжаттарды және ЭЦҚ қорғау саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілді: әкімшілік жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімі ұлғайды, дербес деректерді қорғау саласындағы әкімшілік айыппұлдар 3 есеге, ал ақпараттандыру саласында 5 есеге өсті. ЭЦҚ-ны заңсыз пайдаланғаны және оның түпнұсқалығын тексермегені үшін жаңа шаралар енгізілді.

41 мың адамды оқытқан CITIZENSEC.KZ ұлттық білім беру платформасы да іске қосылды. 1 млн-нан астам дербес деректерді өңдейтін операторлар үшін міндетті кибер сақтандыру енгізілді. Заңсыз несиелердің алдын алуға және азаматтарды алаяқтықтан қорғауға көмектесетін бұзылған деректер тізілімі жасалады.

Amanat партиясы Ақпараттық қауіпсіздік комитетімен, Балаларды қорғау комитеті, Ішкі істер министрлігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және Мемлекеттік техникалық қызметімен, ЦАРКА, MSSP.GLOBAL компанияларымен бірлесіп азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған "Цифрлық қоғам" ауқымды жобасын бастады.

"Цифрлық қоғам" жобасының өзі жай ғана жоба емес, цифрлық әлемдегі саналы және қауіпсіз болашаққа жасалған маңызды қадам. Жоба аясында ата-аналар жиналыстарын өткізу, "Серебренная лига" деп аталатын егде жастағы адамдарға арналған цифрлық сауаттылық орталықтарын ашу, цифрлық еріктілерді оқыту, цифрлық заңдармен жұмыс істеу және цифрлық сауаттылық индексін әзірлеу жоспарлануда.

Алаяқтық жағдайларының жиілеуіне байланысты Руслан Әбдіқалықов киберқауіпсіздік бойынша ұсыныстарды еске салды:

- Жеке ақпаратқа мұқият болыңыз. Күрделі құпия сөздерді қолданыңыз және оларды үнемі өзгертіңіз. Қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін тіркелгілеріңізде екі факторлы аутентификацияны қосу ұсынылады.

- Фишингтен сақ болыңыз. Әрқашан жіберушінің мекен-жайын тексеріңіз және олардың шынайылығына күмәндансаңыз, сілтемелерге өтпеңіз.

- Шындық болу үшін тым жақсы көрінетін ұсыныстардан сақ болыңыз. Маңызды шешімдер қабылдамас бұрын әрқашан ақпаратты тексеріңіз, мәліметтерді талдаңыз және тек тексерілген көздерге сеніңіз.

Алаяқтыққа немесе жеке деректердің таралуына күдік туындаған жағдайда, дереу уәкілетті органдарға жүгіну маңызды. Бұл сізге ғана емес, басқа азаматтарға да көмектеседі, өйткені алаяқтық схемалары туралы ақпаратты одан кейінгі болуы мүмкін жағдайлардың алдын алу үшін пайдалануға болады.

https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/961415?lang=kk

28-30 наурыз аралығында Алматыда AlmatyFair.ai атты жасанды интеллект (AI) саласындағы ең ірі көрме өтеді. Бұл іс-шара жетекші IT-компаниялар, стартаптар мен AI саласының сарапшыларын біріктіретін бірегей алаң болмақ. Көрме бизнес, әзірлеушілер мен жасанды интеллектке қызығушылық танытқан кез келген адамға осы саладағы жетістіктермен танысып, тәжірибеде қолданылуын көру мүмкіндігін ұсынады.

AlmatyFair.ai жасанды интеллект бүгінде өндіріс, қаржы, мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын қалай түрлендіріп жатқанын айшықтайды. Қонақтар GovTech, BigTech, Smart City бағыттарындағы озық шешімдермен танысып, IT-компанияларға, өндірістік инновацияларға, білім беру жобаларына арналған аймақтарды және стартаптар аллеясын тамашалай алады.

«Ұлттық құрылтайда Президент жасанды интеллект мемлекеттік процестердің тиімділігін арттырып, бюрократияны азайтатын, салық пен кеден әкімшілігін жүргізу мен мемлекеттік сатып алуларды ашық ететін тиімді құрал екенін атап өтті. Бірақ ол үшін бізге шетелдік шешімдерді пайдаланып қана қоймай, өз технологияларымызды дамыту қажет. Бұл мақсатқа жету үшін елімізде жасанды интеллектті қолдану мен дамытуға жағдай мен инфрақұрылым жасалып жатыр. Мұндай іс-шаралар жаңа технологияларды тартып, басқа елдермен тәжірибе алмасу үшін ұйымдастырылады», – деді министр Жаслан Мәдиев.

AlmatyFair.ai көрмесіндегі басты оқиғалардың бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылып жатқан alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының таныстырылымы болмақ. alem.ai Қазақстан жасанды интеллект шешімдерінің экспортын 2029 жылға дейін $5 млрд дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ бизнес пен таланттарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Орталық жасанды интеллект саласындағы мыңдаған маманды оқытуға, стартаптарды іске қосуға және ғылыми зерттеулер жүргізуге ықпал етеді.

Кадрлар даярлау және адам капиталын дамыту мақсатында Қазақстан 5 жыл ішінде 1 миллион адамды оқытуды жоспарлап отыр. Осы бастама аясында 2024 жылдың қазан айында Astana Hub өңірдегі алғашқы жасанды интеллект мектебі – Tomorrow School-ды іске қосты. Бұл мектеп AI саласындағы мамандарды даярлаумен айналысады. Сонымен қатар, көрме алаңында стратегиялық меморандумдарға қол қою жоспарланған, соның ішінде Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы TUMO креативті технологиялар білім беру орталығын құру жөнінде TUMO Ventures компаниясымен келісім жасалады. Халықаралық TUMO желісіне кіретін бұл орталық мектеп оқушыларына озық цифрлық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беріп, елдегі технологиялық білім беруді дамытудағы маңызды қадам болмақ.

AlmatyFair.ai-де Central Asian Innovation Hubs қызметі ұсынылады. Бұл – Орталық Азияның ірі технопарктері альянсы. 2024 жылы Astana Hub пен IT Park Uzbekistan аталған бренд аясында стартап-экожүйені дамытып,  инновацияларды жаһандық деңгейде ілгерілету үшін күш біріктірді. Ынтымақтастық аясында екі елден 39 стартап INMerge Innovation Summit, Web Summit 2024 және TechCrunch Disrupt 2024 алаңдарында таныстырылды. Бұл серіктестік өңірлік бірегейлікті нығайтып, инновациялық бастамаларды халықаралық деңгейде ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

Көрме аясында болашағы зор AI-стартаптар арасындағы питч-баттл – AI Startup Showdown өтеді. Мұнда командалар өз шешімдерін ұсынып, жүлде қоры үшін жарысқа түседі. Панельдік пікірталастарда технологиялардың дағдыларды дамытудағы әсері, цифрлық дәуірдегі сын-қатерлер, жасанды интеллекттің келуімен мамандықтардың өзгеруі және әйелдердің AI саласындағы жаңа мүмкіндіктері талқыланады. Сонымен қатар ұлттық стратегия (GenNation), мемлекеттік инновациялар (GovTech Accelerator) және «ақылды қала» тұжырымдамасы (AI & Smart City) мәселелері қарастырылады. Бизнес-блокта жасанды интеллектті енгізу, венчурлық инвестициялар, инновациялық хабтар арқылы жаһандық экспансия мен ицифрлық көшпенділердің болашағы туралы сөз қозғалады.

AlmatyFair.ai көрмесін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырады. Көрменің бас демеушісі – Kaspi.kz, ал ресми серіктестері – Freedom Bank пен Halyk Bank.

Көрме Алматыдағы ірі алаңдардың бірі — «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығында өтеді. Бағдарлама мен толық ақпарат AlmatyFair.ai сайтында қолжетімді, ал көрмеге қатысу үшін мына сілтеме арқылы тіркелуге болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Expo» көрме орталығындағы этноауылда Наурыз мерекесін жұртшылықпен бірге қарсы алды.

Президент мерекелік іс-шараға жиналған көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

– Ұлыстың ұлы күні – ұлтымыздың ұлық мейрамы. Бұл – біздің ата дәстүріміз. Шуақты көктем мерекесінде бүкіл дүние қайта жаңғырады. Күн мен түн теңеледі. Қазақ елі әз-Наурызды көне заманнан бері тойлап келеді. Наурыз – ең алдымен, игілікті істердің мерекесі. Осы күндері әр үйде ақ дастархан жайылады. Ел-жұрт бір-бірімен қауышып, ақ тілегін айтады. Мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қамқорлық көрсетеді. Ұлыстың ұлы күні биыл да қасиетті Ораза айымен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміз үшін мұның мән-маңызы зор. Себебі біздің дініміз бен дәстүріміз – егіз. Қос қазынамыз халқымыздың бірегей болмысын айшықтай түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Наурыз мерекесі былтырдан бастап жаңа тұжырымдамаға сәйкес он күн бойы аталып өтетініне назар аударып, Наурызнаманың әр күні тағылымға толы екенін айтты.

– Наурыз – көптеген шығыс халықтарына ортақ мереке болғанымен, елімізде Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың ерекше дәстүрі бар. Бұл мейрамның төл мәдениетіміздегі орны айрықша. Шетелдік меймандар да мереке қарсаңында Қазақстанға арнайы келіп, біздің салт-дәстүрімізбен танысады, әдет-ғұрпымызды танып-біледі. Біз осы рухани қазынамызды жан-жақты дәріптеуіміз керек. Наурызнама бойынша бүгін – Ынтымақ күні. Еліміз үшін ауызбіршілік пен татулықтың орны қашанда ерекше. Бүкіл халқымыз ұлтына, дініне қарамастан бір ел болып, Наурызды бірге атап өтеді. Біз осындай береке-бірлігіміздің арқасында болашаққа зор сеніммен қарап, тек алға қарай қадам басып келеміз. Жан-жақты реформа жасап, мемлекеттің саяси жүйесін жаңғыртып жатырмыз. Ауқымды экономикалық жобаларды қолға алдық. Байсалды сыртқы саясатымыздың арқасында Қазақстан бүкіл әлемге беделді мемлекет ретінде танымал болды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамының тазалық, еңбекқорлық құндылықтарын дәріптейтін тәрбиелік мәніне тоқталды.

 – Ұлыстың ұлы күні – тазалық мерекесі. Халқымыз осы күні тал егіп, бұлақтың көзін ашқан. Айналасын тазалап, табиғатты аялаған. Бұл дәстүр бүгін де өз жалғасын табуда. Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Жалпыұлттық іске барша жұртымыз, әсіресе, жастар белсенді атсалысуда. Осылайша қоғамымызда жаңа экологиялық мәдениет пен болмыс қалыптасып келеді. Наурыз – нағыз еңбек мерекесі. Көктемнің басы – дала еңбегі жанданатын кезең. Қазір ауыл шаруашылығында қарқынды жұмыс басталды. Біз осы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладық. Басты мақсатымыз – еңбек адамының беделін арттыру. Өйткені еңбекқорлық – озық ойлы ұлтқа тән қасиет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бүкіл әлемнің алмағайып жағдайда өмір сүріп жатқан шағында қоғамның тұрақтылығын нығайту саясатымыздың басты бағыты болып қала беретінін айтты.

– Биыл Конституциямызға және Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толады. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Көп ұзамай қастерлі Тәуелсіздігіміздің 40 жылдық мерейлі белесіне жетеміз. Қазақстан осы уақытта озық, өркениетті, қуатты мемлекет болуы керек. Мен Ұлттық құрылтайдың Бурабайдағы жиынында осы мәселеге арнайы тоқталдым. Біз елімізді жаңа жаһандық жағдайға бейімдеуіміз қажет. Мемлекетіміздің бағдары да, басымдығы да – айқын. Цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, ірі инфрақұрылымдық жобалар, көлік тасымалы және энергетика, агроөнеркәсіп кешені, сондай-ақ адам капиталы – осының бәрі еліміздің негізгі даму бағыттары. Қазақстан осы салалар бойынша әлемдік бәсекеге қабілетті ел болмақ. Бұған біздің мүмкіндігіміз толық жетеді. Біз «Заң мен тәртіп» қағидасы берік орныққан, әділетті, қауіпсіз, таза, мәдениетті және дамыған Қазақстанды міндетті түрде бірге құрамыз! Қазақстаннан басқа еліміз жоқ. Сондықтан бәріміз бір қоғам болып мемлекетімізді нығайтайық, дамытайық, көркейтейік! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы жұртшылықпен бірге мерекелік концертті тамашалады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев этноауылдағы қолөнер жәрмеңкесін аралап көрді. Биыл көрмеге отандық қолөнершілермен қатар Қытай, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия, Иран, Тәжікстан елдерінен шеберлер шақырылған.

Бұдан бөлек, Президентке ұлттық ойындар, қазақстандық дизайнерлер мен танымал брендтердің ұлттық киім үлгілері таныстырылды.

https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kazakstan-halkyn-nauryz-meyramymen-kuttyktady-21240

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қазақстан Республикасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (бұдан әрі - БҰҰДБ) бірлескен жобасы шеңберінде 2025 жылғы 15 наурызда «SimulTrain» симуляциялық ойыны негізінде жобалық басқару бойынша тренинг өткізілді.

«SimulTrain» интерактивті компьютерлік ойыны қауіпсіз және динамикалық ортадағы нақты жағдайларды модельдеу арқылы жобалар мен бағдарламаларды басқару бойынша оқытудың инновациялық әдісі болып табылады. Модельдеу барысында қатысушылар уақыт, ресурстар және қаржы бойынша шешімдер қабылдады және жобалар мен бағдарламаларды басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал ететін жоспарлау, тәуекелдерді басқару, ресурстарды тиімді бөлу және коммуникация дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін шешімдерінің салдарын бағалай алды.

Іс-шараға қатысушыларға Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Бірінші вице-министрі Қ А. Төлеушин және БҰҰДБ Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары          С.Ф. Ходжиматов құттықтау сөз сөйледі.

Тренингке 45-ке жуық адам, оның ішінде саяси мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ Президент Әкімшілігінің, Үкімет Аппаратының, орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің қызметкерлері қатысты.

Анықтамалық:

«SimulTrain» симуляциялық ойынының серіктестері IPMA (International project management association), KPMA (Kazakhstan project management association), IPM2 (International project management masters) сияқты ұйымдар болып табылады.

https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/960598