Мажилис одобрил законопроект по вопросам энергосбережения и повышения  энергоэффективности: Город Нур-Султан, 25 Мая 2022 года - новости на сайте  gurk.kz

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.

Аталған Заң жобасы еліміздің «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі Тұжырымдамада көзделген жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын қамтамасыз ету мақсатында даярланған.

Құжатта еліміздегі энергияның үштен бірін тұтынатын ірі кәсіпорындарда энергия менеджері лауазымын енгізу ұсынылған. Сондай-ақ энергия аудиторларына үміткерлерді аттестаттау жөніндегі функцияларды сәйкес мекемелерге беру де қарастырылған. Бұл өз кезегінде саладағы сарапшылардың кәсіби біліктілігін көтеріп, жүргізілетін энергия аудиттерінің сапасын арттыруға өз ықпалын тигізеді.

Сонымен қатар Заң жобасында жергілікті атқарушы органдарға энергия үнемдеуге бағытталған үш жылдық Жол карталарын қабылдауға және оны іске асыруға мүмкіндік беру ұсынылған.

Бұдан бөлек, құжатта энергия үнемдеу бойынша жаңа мемлекеттік бақылау тетігі нормалары бар. Оған сәйкес, профилактикалық бақылауды жүргізу нысандарға бармай іске асырылуы тиіс. Бұл қадам бизнеске орын алған қандай да бір бұзушылықты өз бетінше жоюға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, қабылданған заң жобасы отандық экономиканың барлық секторындағы энергия тиімділігін арттыруға ықпал етпек.

ҚР ИИДМ баспасөз қызметі