Ana tili газетіне берген сұхбатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің даму перспективаларына тоқталды. Цифрландыру мен IT қызметтері Президент еліміздің жаһандық цифрлы көшпенділер үшін қолайлы мемлекетке айналып келетінін атап өтті: «Қазақстаннан экспортталатын ІТ-қызметтер саны артып келе жатқаны көңіл қуантады. Astana Hub табысты жұмыс істеп тұр. Бұл технопарк бір жарым мыңнан астам компанияның басын біріктіреді. Оның үштен біріне жуығы – шетелдік компания. Осылайша, еліміз жаһандық цифрлы көшпенділер үшін қолайлы мемлекетке айналып келеді». Жасанды интеллект: жобалар мен мүмкіндіктер Еліміздің басым бағыттарының бірі – жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын дамыту. Қасым-Жомарт Тоқаев KazLLM цифрлы тіл моделінің алғашқы нұсқасын бұл бағыттағы маңызды қадам екенін атап өтті. «Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлы хабтың бірі бола алады. Оған мүмкіндігіміз толық жетеді. Ол үшін жасанды интеллект технологияларын дамыту керек. Болашағы зор жобалар қазірдің өзінде бар. Мысалы қазақ тілінің KazLLM атты цифрлы тіл моделінің алғашқы нұсқасы жасалды. Бұл – қазақ тілінде ойлап, сараптама жасап, қазақша сөйлесе алатын жасанды интеллект. Осы бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Жыл соңына дейін жасанды интеллектінің Alem.AІ атты халықаралық орталығы ашылады. Бұл орталық инвестиция тартатын, әлемдік тәжірибені және инновацияларды енгізетін орынға айналуы керек». AI болашағы: қоғам өміріне әсері Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект алдағы жылдары өте қарқынды дамып, жұрттың өмір туралы ұғымын, тіпті тұрмыс-тіршілігін де түбегейлі өзгертетініне тоқталды. «Милы машиналар, яғни интеллектісі жағынан адамды он орайтын роботтар пайда болатын күн алыс емес. Оның үстіне бұл роботтар эмпатияға, яғни сезіну және эмоция білдіру сияқты адамға тән қасиеттерге ие болады. Жастарға мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жасанды интеллект технологияларын қолдана білуді үйрету маңызды. Былтыр еліміздің 15 университетінде Google компаниясының жасанды интеллект жөніндегі курстары енгізілді. Осы саланың мамандарын даярлау үшін арнайы бағдарлама әзірлеу мәселесі пысықталып жатыр (AI-Sana)». Нейро желілер тәуекелдері мен заңмен реттеу қажеттілігі «Нейрожүйелердің пайдасы ұшан-теңіз болғанымен, одан туындайтын қатерлер де бар. Мысалы, алаяқтар фото-бейнежазбалар жасап, адамның дауысын келтіру үшін де соны пайдаланады». Президент бұл технологияларды заңмен реттеу қажет екеніне баса назар аударды: «Біздің депутаттарымыз да жасанды интеллект туралы заң әзірлеу керек деп бастама көтерді. Осы маңызды жұмыспен тиянақты түрде, мұқият айналысу қажет. Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану қағидаларын жасап, оның этикалық мәселелерін жан-жақты ойластыру керек. Бірақ осы саланы реттегенде жасанды интеллектіні шектеуге емес, керісінше, оны дамыту жағына мән берілуге тиіс. Бұл технологияларды кеңінен қолданысқа енгізу орасан зор мүмкіндіктерге жол ашады. Оны қалт жібермей, игілікке жарату қажет». Сұхбаттың толық нұсқасын оқу үшін сілтемеге өтіңіз. |