Astana Hub халықаралық технопаркі Draper University-мен әріптестікте ұйымдастырылатын Hero Training бағдарламасының 3-легі іске қосылғанын хабарлайды. Акселерация технологиялық компанияларды қысқа уақытта жаһандық нарыққа масштабтауға бағытталған. Өтінімдер 1 қыркүйекке дейін қабылданады.

Hero Training – бес апта бойы Draper University кампусы базасында өтетін айшықты бағдарлама. Мұнда қатысушыларға жоспарды табысты стартапқа айналдыру үшін қажетті білім мен дағды беру көзделген. Сондай-ақ тәжірибелі технологиялық кәсіпкерлердің, венчурлік инвесторлар мен сарапшылардың басшылығымен жобаларды жаңа деңгейге шығару қарастырылған. Айтпақшы, бұған дейін бағдарлама спикерлері қатарында Tesla компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Илон Маск болды.

Бағдарламаға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Моңғолия, Әзірбайжан және Грузияның MVP және одан жоғары сатыдағы IT-жобалары қатыса алады. Ол үшін стартаптардың Қазақстанда заңды тұлғасы және қолданыстағы АҚШ визасы немесе визаға берілген өтініші болуы керек, сондай-ақ бағдарламада көзделмеген шығынды (жол жүру, тамақтану, виза, сақтандыру шығындары, қатысу жарнасы және т.б.) қамтамасыз етуі керек.

Іріктеу қорытындысы бойынша үздік 10 стартап Кремний алқабына аттанып, әлемнің басты инновациялық орталықтарының бірінде тұру және жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады.

Hero Training аясында стартаптарға АҚШ нарығына шығу үшін жан-жақты қолдау ұсынылады. Бағдарламаға қатысушылар оқыту семинарлары мен питч сессияларға қатысып, нарықты зерттеу, өнімді әзірлеу және қаржыны жоспарлау сияқты салаларда қажет дағдыларды үйренеді.

Бұдан бөлек технологиялық кәсіпкерлік, венчурлік нарық пен басқа да жақын салаларда жұмыс тәжірибесі бар спикерлерден жеке кеңестер мен сараптамалық пікірлер алады. Сала көшбасшылары сату стратегиялары, бизнес-процестерді оңтайландыру және клиенттерді тарту аясында құнды білімдерін ортаға салады. Бұл қолдау стартаптарға американдық нарыққа сәтті бейімделіп, әлеуетін жаңа деңгейде жүзеге асыруға септігін тигізеді.

Hero Training бағдарламасы туралы қосымша ақпарат алу және өтініш беру үшін сілтемеге өтіңіз.

Draper Ecosystem туралы

Draper Ecosystem – бұл инновациялық экожүйені қолдау үшін озық фасилитаторлар мен тәлімгерлердің, салалық сарапшылардың, корпоративтік серіктестердің және инвесторлардың теңдесі жоқ желісін ұсыну арқылы таланттарды, сарапшыларды және инвесторларды біріктірудің бірегей тәсілі. Draper University негізін қалаушы – АҚШ-тың ең ірі венчурлық инвесторы Тим Дрейпер.