ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығының мамандары IT-компания өкілдерімен бірлесіп, Маңғыстау облысындағы бірқатар өндіріс орындарының әлеуетін бағамдап қайтты.

Өнеркәсіп кәсіпорындарына цифрлы стратегияларды әзірлеу мақсатында ведомство өкілдері және IT-мамандар WESTECOPLAST ЖШС, «Шыны пластик құбырлар зауыты» ЖШС мен «Ақтау машина жасау зауыты» ЖШС-де болып, жұмыс процесімен танысты.  Сапар барысында цифрлы жобалар бойынша ұсыныстарды жинақтау үшін кәсіпорындардың технологиялық жағдайына әрі оларды жаңғырту деңгейіне талдау жүргізілді.

Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП базасында облыстың Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары басшыларының қатысуымен топтық кеңес ұйымдастырылды. Бұл жиында Индустрия 4.0 мен цифрлы трансформацияны іске асырудың нәтижесінде күтіліп отырған өндірістік жетістіктер туралы түсіндірілді.

Бұл орайда 2022 жылдан бастап еліміздегі өнеркәсіп кәсіпорындарының IT-шешімдерді әзірлеп, енгізуге жұмсалған шығындарының 40%-дан 50%-ға дейінгі сомасы өтелетінін айта кеткен орынды. Қаражат мөлшері 60 млн теңгеден аспауға тиіс.