Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ ұжымын «eGov.kz» порталының  17 жылдығымен құттықтады.

«Бүгін eGov порталының құрылғанына – 17 жыл. Осыдан 17 жыл бұрын біз цифрландыру жолына бет бұрып, электронды үкіметті құру жолында ауқымды жұмыстар атқардық. Осы уақыт ішінде орасан зор жетістіктерге қол жеткізілді деп айтуға толық негіз бар.

Сол кезде мемлекеттік қызметті санаулы минуттарда, тіпті үйден шықпай-ақ алуға болатынын елестету қиын болатын. Ал бүгін осы мақсаттарға іс жүзінде қол жеткізіп отырмыз.

Қазір қазақстандықтар eGov.kz порталында автоматтандырылған қызметтердің 92%-ын ала алады – бұл жеке және заңды тұлғаларға арналған 627 қызмет және сервис түрлері.

Күн сайын электрондық үкіметтің қызметтерін 295 мыңнан астам адам пайдаланады.

Өткен жылы электронды үкіметті дамыту бойынша БҰҰ рейтингінде 28-орынды, сондай-ақ онлайн-сервистерді дамыту бойынша 8-ші орынды иелендік. Алдағы уақытта біз үздік 20 елдің қатарына енуді көздеп отырмыз.

Жыл сайын портал заман талабына сай одан әрі жетілдірілу үстінде, бұл бағыттағы жұмыстарға өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, барын салып жүрген мамандар зор үлес қосып келеді.

Осы орайда, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның ұжымын және порталдың құрылуына және дамуына үлесін тигізген барша азаматтарды құттықтаймын. Сіздерсіз мұндай жетістіктерге жету мүмкін болмас еді» - деп атап өтті министр.

https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/536108?lang=kk