Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басшылығымен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қатысуымен «Minerals.gov.kz». жер қойнауын пайдалану платформасы әзірленді. Ол геологиялық ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге, лицензиялық учаскелерді бөлуге, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың есептілігі мен қызметінің мониторингін қалыптастыруға арналған.

Бұрын геологиялық есептерді зерттеуден бастап лицензия алуға және жыл сайынғы есептерді ұсынуға дейінгі барлық процестер қағаз жүзінде жүргізілген еді. Сонымен қатар, тексеру үшін деректердің жеткіліксіздігіне байланысты көптеген сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен қателіктері орын алған болатын. Енді жер қойнауын пайдаланушылар мен әлеуетті инвесторларға іргелес инфрақұрылымнан бастап, геологиялық және геофизикалық есептерге дейінгі электрондық форматта сұралған учаске туралы толық мәлімет қолжетімді болады. Платформада қатты пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге өтінімдерді қабылдау, қарау және лицензия беру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұған қоса, онлайн қабылдаумен қатар, тіпті қағаз түрінде берілген өтінімдер де тіркелетін болады. Осылайша,  Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Кодексте көзделген «бірінші келген – бірінші алады» қағидаты бойынша жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауына қол жеткізу құқығын сақтаудың ашықтығы қамтамасыз етіледі.

Қазіргі уақытта жаңа функцияларды әзірлеу және 2023 жылғы мамырда жоспарланған өнеркәсіптік пайдалануға енгізуге дайындық бойынша жұмыстар жүргізілуде, жер қойнауын пайдаланушыларды оқыту және платформа жұмысын көрсету жүргізіліп жатыр. Бұл ретте, әзірлеушілер сервистерді одан әрі дамытуда ескерілетін функционалды жақсарту және дамыту жөнінде ұсыныстар жинауды жүзеге асырады.

Платформаның автоматтандырылған құралдары табиғатты пайдалану қақтығыстарын бірден көрсетеді. Пайдаланушылардың заңнамаға сәйкес барлау немесе өндіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат етілген немесе тыйым салынған учаскелерді бір терезе арқылы қарауға және таңдауға мүмкіндігі болады.

Платформаға 30 мың геологиялық есеп жүктелген. Ағымдағы жылы кем дегенде 24 мың есепті зерделеу картасын толықтыру жоспарланып жатыр. Жер қойнауын пайдаланушылардың лицензиялық-келісімшарттық талаптарының орындалуын мониторингілеу бойынша жаңа функциялар әзірленетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін бұл жобаны Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Экология және табиғи ресурстар министрлігі жүзеге асырған болатын, бірақ кейін бұл жұмыс Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қарамағына берілді.

https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/515481?lang=kk