ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова Финляндияның Сыртқы сауда және халықаралық дамуды қолдау министрі Вилле Скиннаримен кездесіп, екі елдің арасындағы әріптестік байланысты арттырудың жолдарын талқылады.

Аталған кездесуге Қазақстан мен Финляндияның дипломаттары және мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Eastcham Finland, Epse, Lamor, Metso Outotec, Nokia Enterprise, PayIQ, Infra & Energy Teknos және Wärtsilä Finland компанияларының басшылары қатысқанын айта кетейік.

Тараптар көлік және логистика салаларындағы өзара әріптестікті, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірлесіп дамытуды, сондай-ақ тау-кен және металлургия өнеркәсібінде цифрлы шешімдер мен технологияларды енгізу жолдарын қарастырды.

Кездесудің соңында Д.Щеглова В.Скиннари мен финляндиялық бизнес қауымдастықтың өкілдерін елімізде өтетін өнеркәсіп салаларын карбонсыздандыруға арналған Astana Mining & Metallurgy XIII халықаралық тау-кен металлургия конгресіне қатысуға шақырды.

https://www.gov.kz/memleket/entities/miid/press/news/details/512313?lang=kk