Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев жол саласын дамыту және цифрландыру мәселелері туралы баяндады. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы автомобиль көлігімен тасымалдарды дамытуға ерекше назар аударды. Оның дамуының ажырамас факторы сапалы жол инфрақұрылымының болуы. 2024 жылы рекордтты көлемде 12 мың шақырым жол жөндеумен қамтылды, оның 7 мың шақырымында негізгі жұмыстар аяқталды. Жобаларды жүзеге асыру шеңберінде 10 мыңнан астам құрылыс техникасы және 25 мың адам жұмылдырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде республикалық және жергілікті жолдардың нормативтік жағдайы сәйкесінше 93% және 89% деңгейіне жетті. Құрылысы көптен бері жүргізіліп келе жатқан Алматы мен Қарағандының, Талдықорған мен Өскеменнің және Ақтөбе – Атырау – Астрахан араларындағы жолдар ашылып, қолданысқа берілді. Сонымен қатар, «Қалбатау – Майқапшағай», «Қызылорда – Ұлытау облысының шекарасы», «Подстепное – Федоровка» және «Өнеге – Бейсен – Сайқын» сияқты жобаларда жолдың төменгі қабатын төсеу жұмыстары аяқталды. Аталған жұмыстарды орындау кезінде алғашқы рет салада бір жылдың ішінде 5 млн тоннадан астам асфальт төселді. Оған қоса, Шамалған стансасындағы жол өткелін, Бұқтырма су қоймасындағы көпір өткелін, Түркістан облысы Шақпақ баба асуындағы екі жолақты тоннелін салу сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар пайдалануға берілді. Биыл 13 мың шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарланған, оның ішінде 9,5 мың шақырымы қаржы көздерімен қамтамасыз етілген, 3,6 мың шақырымына қажетті құжаттар дайын, қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Жаңа жобалар бойынша құрылыс маусымы басталғанға дейін мердігерлерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. 2025 жылдың қорытындысына сәйкес, республикалық жолдардың 94%-ы, жергілікті жолдардың 91%-ы нормативтік жағдайға жеткізіледі. Биылғы жоспарға сәйкес жалпы ұзындығы 1 083 шақырым болатын алдыңғы кезеңдерде басталған өтпелі жобалардың құрылысы жалғасады. Олар Қалбатау – Майқапшағай, Күрті – Қонаев, Қызылорда – Жезқазған және Ұзынағаш – Отар жолдары. Жаңа жобалардың ұзындығы 1 045 шақырым. Оның ішінде «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Қарағанды – Жезқазған», «Атырау – Доссор», «Сарыағаш қаласының айналма жолы» бірінші техникалық санатқа ауыстырылады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2029 жылға дейін 3 мың шақырым жолды бірінші және екінші санатқа ауыстыра отырып, реконструкциялау көзделген. Аталған жобаларды жүзеге асыру саланы және ел экономикасын дамытуға жаңа серпін беретіндігін атап өткен жөн.
Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Абай облыстарында ең ауқымды жұмыстар жоспарланған. Сондай-ақ 30 жылдан бастап 50 жылға дейін жөндеу жүргізілмеген Петропавл мен Жезқазған, Қандыағаш – Шалқар, Жаңаөзен – Түркіменстан шекарасы, Қарағанды – Аягөз – Боғас жолдары толығымен жөндеуден өткізіледі. Көлік қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз ету барысында маңызды құрылымдардың бірі – жолды нормативті күтіп ұстау. Соңғы жылдары жол пайдалану техникасы паркі айтарлықтай жаңартылды. Бірақ, қызмет көрсету мерзімінің аяқталуына байланысты, ескі техникалар да есептен шығарылып жатыр. 2023–2024 жылдар аралығында 525 бірлік арнайы техника сатып алынып, биыл қосымша 470 техника сатып алу жоспарланған. Сатып алу және істен шығуды есепке алғанда, жол пайдалану техникасының паркі 2,8 мың бірлікке жетеді. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасады. Жолдарды нормативті күтіп ұстаудың тағы бір құрамдас бөлігі қаржыландыруды қамтамасыз ету мәселесі. Бюджетке түсетін жүктемені азайту және өзін-өзі ақтау мақсатында реконструкция және жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде «ақылы» статусын кезең-кезеңімен енгізу жалғасуда. Қазір республика бойынша ұзындығы 3,2 мың шақырым ақылы жол жүйесі жұмыс істейді. 2024 жылы түсім 48 млрд теңгені құрады. Биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы учаскелер енгізілетін болады, олардан келетін түсімдер көлемі биыл 60 млрд, ал келесі жылы 100 млрд теңгеге дейін жетеді. Бұл ретте, осы ақылы жолдардан түскен қаражаттың бір бөлігін құрылыс жұмыстарына алынған қарыздардың пайыздық мөлшерлемелерді өтеуге жұмсау мәселесі қарастырылуда.
Сонымен қатар министр өз сөзінде Petro Retail компаниясы жол бойы нысандары жүйесін құратынын айтты. 2029 жылға дейін 60 бірлік кешенді нысандар құрылысы жоспарланған, оның ішінде 10 бірлігі осы жылы жүзеге асырылмақ. Инвестиция көлемі 120 млрд теңге. Оларда жатын орын, TIR тұрағы және жанармай бекеттері қарастырылған.
Бұл ретте, 2023 жылы басталған жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде жол жөндеуді қаржыландырудың оң ықпалын айта кету қажет. Оның нәтижесінде нормативті жағдайдағы жолдардың үлесі 4%-ға артты. Сонымен қатар әкімдіктер тарапынан да паритетті қаржыландыру көлемінің артуы байқалады. Нақтырақ айтқанда биыл әкімдіктер жол құрылыс жұмыстарына қаржыландыруды 8%-ға көбейтті. Осы жылы жөндеу жұмыстары 4,2 мың шақырым жолды қамтиды.
Сондай-ақ биыл Автоматтандырылған өлшеу стансалары (АӨС) жүйесінің ЕРАП-пен интеграциясы аяқталады, бұл ауыр салмақты көліктерге қатысты әкімшілік өндірісті оңтайландыруға жағдай жасайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, автожол саласындағы қолданыстағы цифрлық жүйелер негізінде «E-Joldar» бірыңғай цифрлық платформасы құрылып, олар интеграцияланады.
|