Қазақстан Республикасының Президентінің Катар Мемлекетіне мемлекеттік сапары аясында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Mekdam Holding және Wisdom Technology сияқты Катардың ірі компанияларының өкілдерімен өнімді кездесулер өткізіп, сондай-ақ Катардың Байланыс және ақпараттық технологиялар министрі Мұхаммед бин Әли бин Мұхаммед Әл-Маннаймен кездесті.

Әл-Маннай мырзамен кездесу барысында тараптар цифрлық саладағы ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады.

Қазақстан GovTech саласындағы жетістіктерін таныстырып, 80-нен астам мемлекеттік деректер базасын интеграциялау, проактивті мемлекеттік қызметтерді енгізу және 4,6 миллион пайдаланушысы бар eGov mobile қосымшасы сияқты табысты жобаларын атап өтті.

Тараптар жасанды интеллектті дамыту және оны экономиканың түрлі секторларында қолдану бойынша ортақ басымдықтарды айқындады. Қазақстан бұл салада тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.

Киберқауіптердің артуына байланысты тараптар деректерді және ұлттық инфрақұрылымды қорғау саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын мойындады. Қазақстан Катардың киберқауіпсіздік жүйелерін құрудағы тәжірибесін зерттеуге қызығушылық білдірді.

Министр Катарға Қазақстанның спутниктік топтамасын құру жобасына қатысуды ұсынды, бұл тараптарға ғылыми және қолданбалы мақсаттарда деректерді бірлесіп пайдалануға мүмкіндік береді.

Жаслан Мәдиев катарлық серіктестерді Astana Hub жобаларына қатысуға, сондай-ақ Қазақстанның АҚШ, Сауд Арабиясы мен Сингапурда құрылған халықаралық IT-хабтарының мүмкіндіктерін технологиялық стартаптарды жаһандық нарықтарда қолдау үшін пайдалануға шақырды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың нақты бағыттарын пысықтау үшін жұмыс тобын құру туралы келісті.

Жұмыс сапарының маңызды оқиғаларының бірі Министрдің 2024 жылғы Doha Forum аясында «Инновацияның императиві» тақырыбында сөз сөйлеуі болды. Өз сөзінде Министр GovTech саласындағы Қазақстанның жетістіктерін, соның ішінде мұқтаж азаматтарға мемлекеттік көмек көрсетуді автоматтандыратын және 3 миллионнан астам адамды қамтитын «Цифрлық отбасы картасы» жобасын атап өтті. Бұл жоба «Инклюзивті цифрлық трансформация» номинациясы бойынша GovTech Prize халықаралық сыйлығын жеңіп алды.

Министр Қазақстанның табысты бастамаларын ауқымын кеңейтіп, халықаралық серіктестермен тәжірибе бөлісуге дайын екенін ерекше атап өтті.

https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/899297?lang=kk