Цифрлық инклюзия және трансформация бойынша Азия-Тынық мұхиты елдерінің министрлік конференциясында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен Google компаниясының Кавказ және Орталық Азия аймағы бойынша үкіметпен байланыс және қоғамдық саясат бөлімінің басшысы Ольга Скороходова Қазақстанның цифрлық трансформациясын жеделдетуге бағытталған стратегиялық серіктестіктің нәтижелерін талқылады.

«Біздің Google-мен ынтымақтастығымыз Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту үшін жаңа көкжиектер ашады. Біз бірге елдің инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, инновацияларды дамытуға және жұмыс орындарын құруға ықпал ететін платформалар жасаймыз. Біздің бірлескен күш-жігеріміз Қазақстанға халықаралық аренада цифрлық трансформацияда жетекші орынға ие болуға көмектесетініне сенімдімін»,- деді ҚР ЦДИАӨМ министрі Жаслан Мәдиев.

Ольга Скороходова Google компаниясының Қазақстанның цифрлық трансформациясын қолдауға арналған кешенді көзқарасын баяндап берді, бұл дамушы нарықтарға арнайы әзірленген компанияның жаһандық стратегиясына сәйкес келеді. Осы стратегияның негізгі бағыттары үкіметпен серіктестікте бұлттық технологияларды енгізу, білім беру және біліктілікті арттыру, ұлттық деректер жүйелерін жаңғырту және инновациялық-достық реттеуге жәрдемдесуді қамтиды.

«Жасанды интеллект технологияларын стратегиялық пайдалану дамушы нарықтарға цифрлық трансформацияда елеулі ілгерілеуге және экономикалық өсуді жеделдетуге мүмкіндік беруі мүмкін. Біз Қазақстан азаматтары мен пайдаланушыларының игілігі үшін Қазақстанның жасанды интеллектпен қолдау көрсетілетін цифрлық экономикасына жету жолында Министрлікпен және үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуді асыға күтеміз»,- деп түйіндеді Ольга Скороходова.

 

Серіктестіктің негізгі жетістіктері:

Соңғы айларда Google мен Министрлік арасындағы стратегиялық серіктестік аясында келесі маңызды бастамалар жүзеге асырылды.

Стартаптарды қолдау және бұлтты технологияларды енгізу

Google Silkway Accelerator Astana Hub-пен ынтымақтастықта соңғы екі жылда 55-тен астам стартаптың дамуын жеделдетті. Бұл стартаптар кірістердің айтарлықтай өсуін және нарықты қамтуды кеңейтуді көрсетіп, Қазақстанның аймақтық IT-хаб ретіндегі мәртебесін нығайтпақ. Сонымен қатар, Silkway Accelerator түлектері Google for Startups Cloud Program бағдарламасына қатысуға құқылы, елде бұлтты технологияларды енгізуге ықпал ететін артықшылықтарға ие болады.

Білім беру және біліктілікті арттыру

IT Hub жобасы аясында 2022-2023 оқу жылында Қазақстанның 11 жетекші университетінен 900-ден астам студент жасанды интеллект, машиналық оқыту, бұлтты технологиялар және Android Compose саласындағы озық дағдыларға ие болды.

Google әзірлеушілер экожүйесін дамытуға белсенді түрде инвестиция салып, Қазақстанның ірі қалаларында орналасқан 17 Google Developers Group клубтарын қолдайды. Бұл клубтар әзірлеушілерді жаңа дағдыларды меңгеруге және тәжірибе алмасуға біріктіреді. Сондай-ақ, Google Developer Students Clubs Қазақстанның 14 жетекші университетінде жұмыс істейді, жаңа таланттарды дамытуға ықпал етеді.

Жаңа қызметтер мен өнімдерді іске қосу

2024 жылы Google Қазақстанда бірнеше жаңа өнімдер мен қызметтерді ұсынды:

Жасанды интеллекттің инновациялық құралдары: Қазақстан азаматтары қазір эксперименталды Gemini жасанды интеллект чатботына және Flood Hub құралына қол жеткізе алады, бұл құрал қауымдастықтарға ықтимал табиғи апаттарға жақсы дайындалуға көмектесе отырып, су тасқынының жеті күнге дейінгі нақты болжамдарын ұсынады.

Google Maps қызметіндегі Street View: Аталған функция Қазақстан бойынша әртүрлі орындардың егжей-тегжейлі және интерактивті көріністерін ұсына отырып, туристік саланың дамуына әрі шағын және орта бизнесті қолдауға оң әсерін тигізуде.

YouTube Premium іске қосу: YouTube Premium-ның енгізілуі Қазақстан азаматтары арасында үлкен қызығушылық тудырды, авторларға өз мазмұнын тиімді монетизациялаудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынады.

Талқылау қорытындысы бойынша Министрлік пен Google бірлескен күш-жігерді жалғастыруға келісіп, болашақ ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарын белгіледі.

https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/839951?lang=kk