Бүгін цифрлық технологиялар жөніндегі министрлер мен агенттіктер басшылары Азия-Тынық мұхиты өңірінде цифрлық қосылу және трансформация мәселелері бойынша Астана министрлік декларациясына қол қойды. Бұл іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы мен Қазақстан Үкіметі ұйымдастырған жоғары деңгейдегі конференцияның қорытындысы болды. Бұл маңызды Декларация цифрлық алшақтықты жою, цифрлық байланыс нығайту, цифрлық ортада сенімді арттыру және ешкімнің шетте қалмауы үшін инклюзивті және тұрақты цифрлық экономикалар мен қоғамдарды дамыту қажеттілігіне назар аударады. «Декларация цифрлық шешімдерді іздеуде жеделдету және цифрлық алшақтықты жоюды ауқымды кеңейту мақсатында аймақтық саясатты әзірлеу процесін нығайту қажеттілігін растайтын маңызды кезең болып табылады»,- деп атап өтті БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және АТМЭӘК Атқарушы хатшысы Армида Салсия Алишахбана. Азия-Тынық мұхиты өңірі халқының 96%-ы мобильді кең жолақты байланыс желілерімен қамтылғанына қарамастан, бағалаулар бойынша олардың тек үштен бірі ғана интернет қызметтерін белсенді пайдаланады. Халықтың шамамен 40%-ы негізгі цифрлық дағдылары жоқ. Декларацияны қолдай отырып, үкіметтер дамушы елдердің жаңа технологияларды енгізу және пайдалану кезінде кездесетін негізгі кедергілерді, соның ішінде қолайлы орта құру, инфрақұрылымға жеткілікті ресурстар мен инвестицияларды қамтамасыз ету қажеттілігін мойындады. Олар сондай-ақ қауіпсіз және қолжетімді байланыспен қамтамасыз етудің, сондай-ақ жастарды, қарттарды, әйелдерді, мүгедектігі бар адамдарды, сондай-ақ шалғай және ауылдық қауымдастықтарды қоса алғанда, барлығы үшін цифрлық сауаттылық пен білім беруді ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті. «Цифрлық инклюзия және трансформацияға бағытталған осындай деңгейдегі маңызды іс-шараның біздің елімізде өтіп жатқанына қуаныштымыз және мақтан тұтамыз. Іс-шараның соңғы күнінде біз Қазақстанның цифрлық үкімет саласындағы жетістіктерін әлемдік қауымдастыққа таныстыру мүмкіндігіне ие болдық. Декларацияның қабылдануы – барлығы үшін инклюзивті цифрлық болашақ құруға деген ортақ ұмтылысымыздың айғағы»,– деп мәлімдеді Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев. 3-4 қыркүйекте Астанада өткен Азия-Тынық мұхиты цифрлық қосылу және трансформация мәселелері жөніндегі министрлік конференциясында министрлер Қазақстан үкіметінің тұрақты даму үшін цифрлық шешімдер орталығын құру туралы ұсынысын қолдады. Бұл Орталық цифрлық трансформация процесінде көптеген мүдделі тараптар арасындағы үйлестіруді және ынтымақтастықты күшейтеді, сондай-ақ өңірдегі тұрақты даму күн тәртібін ілгерілету үшін үздік тәжірибелермен бөлісуге мүмкіндік береді. Делегаттар 2022-2026 жылдарға арналған Азия-Тынық мұхиты ақпараттық супермагистралін құру жөніндегі бастаманы іске асыру жоспары, оның ішінде цифрлық ынтымақтастық жөніндегі басқа да аймақтық бастамалардың ілгерілеуін қарастырды. Сондай-ақ шетелдік қонақтар назарына Орталық Азиядағы ең ірі Astana Hub технопаркі ұйымдастырған стартап-аллея ұсынылды, мұнда үздік қазақстандық стартаптар мен ірі IT-компаниялардың жобалары таныстырылды. Конференция шеңберінде АТМЭӘК пен Еуразиялық даму банкі 2030 жылға дейінгі тұрақты даму күн тәртібі және өңірлік экономикалық интеграция саласындағы институционалдық ынтымақтастықты нығайту үшін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Келісім аясында АТМЭӘК мен ЕАДБ бірлескен зерттеулер мен басылымдар жүргізіп, Солтүстік және Орталық Азиядағы саясаткерлер мен сарапшылардың әлеуетін арттыруды қолдайды, сондай-ақ өңір елдері үшін дерекқорлар мен аналитикалық құралдарды әзірлейді. https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/839812?lang=kk |