БҰҰ Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (АТМЭӘК) мен ҚР ЦДИАӨМ ұйымдастыратын Цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясы аясында Kazakhstan Tech Solution Day – AI for ALL: Building Generative Nation together өтеді. Бұл іс-шара Қазақстанның цифрлық технологиялар саласындағы жетістіктерін танытуда маңызды алаңға айналады.

3-5 қыркүйек аралығында өтетін Азия-Тынық мұхиты конференциясы – цифрландыру, инклюзия және тұрақты даму мәселелерін талқылауға арналған басты әлемдік платформаның бірі. Конференция аясында Kazakhstan Tech Solution Day ұйымдастырылып, іс-шара Қазақстанның IT-компаниялары, стартаптары мен мемлекеттік ұйымдарына озық цифрлық шешімдерін ұсынуға арналған бірегей мүмкіндік болады.

«Астанада Азия-Тынық мұхиты конференциясын өткізу Қазақстанның цифрландыру және инновациялар саласындағы көшбасшы ретіндегі стратегиялық маңызын айшықтайды. Конференция жетістіктерімізді танытатын платформа ұсынып, цифрлық бастамаларымызға әлемдік қауымдастықтың назарын қаратады. Сондай-ақ IT-өнімдер экспортын ұлғайтуға, еліміздің экономикалық дамуын қолдауға септігін тигізетін халықаралық әріптестікті дамытуға ықпал етеді. Конференцияның айтулы нәтижелерінің бірі Астана министрлік декларациясын қабылдау болып, бұл өңірдегі ұстанымымызды нығайта түседі», – деді Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

Kazakhstan Tech Solution Day аясында SmartBridge (сервистер көрмесі), Smart Data Ukimet (деректердің ақылды үкіметі) және eOtinish сияқты инновациялық жобалар ұсынылады. Сонымен бірге, қатысушылар Орталық Азияның ірі инновациялық орталығы – Astana Hub халықаралық технопаркінің жетістіктерімен таныса алады.

Еске салсақ, Азия-Тынық мұхиты конференциясы цифрландыру мен IT саласы министрлерін, халықаралық ұйымдар, жеке сектор мен азаматтық қоғам өкілдерін қоса алғанда, 50-ден астам ел делегацияларының басын қосады. Конференцияның алғашқы екі күнінде пленарлық отырыстар, қатарлас іс-шаралар, министрлер арасындағы екіжақты кездесулер, меморандумдар мен келісімдерге қол қою рәсімдері өтеді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрақты дамуға қол жеткізіп, өңірдің барлық еліне цифрлық ресурстарға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту.

Айта кетейік, Kazakhstan Tech Solution Day-ді ұйымдастыруға жұмсалатын қаржылық шығынды Kaspi.kz, Freedom Bank пен InDrive атты демеуші-компаниялар көтереді. Бұл бизнестің Қазақстанның цифрлық әлеуетін дамытуға деген қызығушылығының жоғары деңгейін айқындайды.

Анықтама:

БҰҰ АТМЭӘК – Біріккен Ұлттар Ұйымының бес аймақтық комиссиясының бірі және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы инклюзивті үкіметаралық платформа. Комиссия тұрақты даму мәселелерінің шешімдерін іздеу жолында 53 қатысушы ел мен 9 қауымдастырылған мүше арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі. Конференция туралы егжей-тегжей мәліметті БҰҰ АТМЭӘК сайтынан алуға болады.

https://astanahub.com/kk/article/kazakhstan-tech-solution-day-sostoitsia-v-ramkakh-konferentsii-eskato-oon