Астана, 2024 жылғы 27 мамыр – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Хасенұлы Мәдиев Түрікменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Овезгелдіұлы Мередовпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайту және стратегиялық жағынан маңызды салаларда тәжірибе алмасу перспективалары талқыланды.

Министр Жаслан Мәдиев бұл сапар Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ықпалдастықты нығайту жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Ол бірлескен күш-жігер айтарлықтай нәтиже беретініне және цифрландыру мен инновация саласында екі мемлекеттің тұрақты дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.

Кездесу аясында Цифрлық даму вице-министрі Асқар Серікұлы Жамбакин Қазақстан Республикасының цифрлық экожүйесін таныстырды. Сондай-ақ Smart Data Ukimet ақпараттық-талдау жүйесі және Отбасының цифрлық картасы ұсынылды.

Кездесуде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, электрондық коммерцияны дамыту және инновациялық экожүйелерді құру саласында тәжірибе алмасу мүмкіндіктері қаралды.

Басқарудың тиімділігін арттыруға және бизнесті дамытуға ықпал ететін табысты ынтымақтастықтың мысалдары талқыланды. Ғарыштық зерттеулер мен әзірлемелердегі маңызды тәжірибе талқыланды.

Бірлескен акселерациялық бағдарламаларды, тәлімгерлік тәжірибені алмасуды және инновацияларды дамытуға бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізуді қоса алғанда, жас кәсіпкерлерді қолдау және дамыту саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері қаралды.

Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастыққа, атап айтқанда бірлескен білім беру бағдарламаларын, тағылымдамалар мен ғылыми зерттеулерді іске асыру мүмкіндігіне, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен аэроғарыштық зерттеулер саласында кадрлар даярлауға айрықша назар аударылды.

ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі