Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Алматыда орналасқан В. Г. Фесенков атындағы Астрофизика институтына барды. Ол - Қазақстандағы астрономия және астрофизика саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша жетекші ғылыми ұйым. Институттың негізі 1941 жылы қаланған. Оның ғылыми қызметіне астрономиялық бақылаулар, теориялық зерттеулер және компьютерлік модельдеу, астрофизикадағы жоғары өнімді есептеу құралдары кіреді. Биыл институтқа ЦДИАӨМ құрған жаңа қуатты суперкомпьютер үлкен демеу болмақ.

Бүгінгі таңда институт Қазақстанда ғарыштық хабардарлық жүйесін, роботтандырылған телескоптар, Big-Data технологиялары мен жоғары өнімді есептеу жүйелері базасында Ұлттық виртуалды обсерваторияны, сондай-ақ қазақстандық және халықаралық оптикалық құралдар мен инновациялық технологияларды пайдалана отырып, астрономиялық зерттеу хабын (Астрохаб), астрономиялық экожүйені құрды. Институт Халықаралық виртуалды обсерваториялар альянсының мүшелігіне ( www.ivoa.net ) және Астероидтық қауіптіліктің халықаралық желісіне ( www.iawn.net ) қабылданды.

Институт халықаралық ғылыми байланыстарды белсенді дамытып келеді, сондай-ақ, Польша, Франция, Ресей сияқты елдермен бірқатар келісімдерге қол қойды.

“Астрофизика мен астротуризмді дамыту - институттың маңызды бағыттарының бірі. Ол ең алдымен, Қазақстанда ғарыш ғылымын танымал ету үшін қажет. Мен Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп, туристерді тарту бойынша Ассы-Түрген обсерваториясын одан әрі дамытуды тапсырдым”,- деп атап өтті Бағдат Мусин.

Институт жобаларының еліміздің ғарыш саласы үшін маңызы және болашағы зор. Мәселен, жарқын отандық жобаның бірі – «Galam» БК-мен бірге іске асырылатын ай маңындағы телескоп жобасы. Институт 3 жыл ішінде орасан жұмыс атқарды.

ЦДИАӨМ баспасөз қызметі