2024 жылғы 1 ақпанда Алматы қаласында қазақстандық тараптың төрағалығымен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытуға жауапты Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің министрлері мен ведомстволары басшыларының жиыны өтті. Іс-шара Digital Almaty 2024 форумы алаңында өтуде.

Іс - шараға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық-коммуникациялық технологияларын дамытуға жауапты министрліктер мен ведомстволарының басшылары мен өкілдері, ШЫҰ диалогы бойынша серіктестер, сондай-ақ дипломатиялық миссиялардың өкілдері қатысты.

Форумның ашылу салтанатында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин сөз сөйледі.

«Қазақстан цифрландыру саласында, GovTech-те және ақпараттық технологияларды дамытуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, Орталық Азия елдері арасында көш бастады. Тұрақты өсу елді аймақтағы жетекші экономикаға айналдырды, бұл өмір сүру деңгейінің жоғарылауына және кедейліктің төмендеуіне ықпал етті, орташа жылдық өсу қарқыны 5%-ды құрады», – деп атап өтті Бағдат Мусин.

Министрдің айтуынша, Қазақстан өзін GovTech саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі ретінде көрсетті, бұл ретте электрондық үкімет өнімдері әлемдік рейтингтерде жоғары бағаға ие болды.

«Бүгінгі таңда Қазақстан Орталық Азия елдерімен достық қарым-қатынасты қолдау аясында Тәжікстан Республикасына GovTech шешімдерін («Smart Bridge» сервистерінің витринасы», «Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы» және «Smart Data Ukimet» ақпараттық - талдау жүйесі) ұсынды», – деді министр.

Сондай-ақ, министр Astana Hub халықаралық технопаркі резиденттерінің табысты қазақстандық IT-стартаптарын атап өтті. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының Astana Hub тәжірибесін масштабтау жөніндегі тапсырмасы аясында 12 өңірлік технопарк ашылды.

«Astana Hub-тың халықаралық компаниялар арасындағы артықшылығы мен тартымдылығы – бұл визалық және салықтық преференциялар, эксаумақтылық, онлайн тіркелу мүмкіндігі, сондай-ақ акселерациялық бағдарламаларды іске қосу. Орталық Азия өңірлері арасында Astana Hub Google for Startups-тің алғашқы серіктесі болды, соның аясында «Silkway Accelerator» бірлескен акселерациялық бағдарламасы әзірленді. 2 жылдық ынтымақтастықтың нәтижесінде түлектердің саны 2 есеге артты, бұл компаниялар Таяу Шығыс, АҚШ және Еуропа нарықтарына шығып үлгерді. 2022 жылдың 9 айымен салыстырғанда (190,5 млн. АҚШ долллары) IT-қызметтердің экспорты 99% - ға өсті, бұл 2023 жылдың 9 айында – 373,4 млн АҚШ долларын құрады», – деп өз ойын бөлісті Бағдат Мусин.

Цифрлық ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың тиімді бағыттарын айқындау, сондай-ақ келешегі бар және ұзақ мерзімді бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында министр Бағдат Мусин инновациялық экожүйені одан әрі дамыту және стартап-жобалар мен компанияларға жан-жақты қолдау көрсету үшін ШЫҰ-ға қатысушы елдер технопарктерінің бірлескен Альянсын құруды ұсынды.

«Альянстың негізгі мақсаты – стартап-жобаларды және технопарктер тәжірибесін өзара алмасу, стартаптарға нарыққа шығуға көмек көрсету, ортақ венчурлық қор құру, бірлескен инкубациялық және акселерациялық бағдарламаларды оқыту, 24/7 режимінде қолжетімділігі бар тегін жұмыс кеңістігін қамтамасыз ету, стартаптарға тегін баспана беру мүмкіндігін ұсыну, ШЫҰ елдері мүшелерінің технопарктерінде B2B кездесулерін ұйымдастыра отырып, шешімдерді масштабтау, сондай-ақ гранттар мен қолдау шараларын көздеу», - деді министр.

Министрдің айтуынша, жаһандық әлеммен технологиялық байланысты жақсартуда ынтымақтастықтың тағы бір бағыты талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу болуы мүмкін. Қазақстанның жоғары транзиттік әлеуетін пайдалану біздің елдеріміз үшін Интернет желісіне қосылу бойынша бірқатар елеулі артықшылықты қамтамасыз етеді және Еуразия құрлығында трафикті өткізу жағдайын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

Бұл транзиттік байланыс арналарын әртараптандыруға және мемлекеттеріміздің халықаралық деректер транзиті нарығына қатысу аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сондықтан, Үнді мұхитына шығатын Ресей – Қазақстан – Иран бағыты бойынша біздің елдерімізді байланыстыратын ТОБЖ салу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Сондай-ақ, «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы аясында Қазақстанда транзиттік трафикті өңдеу және сақтау үшін ірі Дата-орталықтар салу жоспарлануда.

ШЫҰ елдері арасындағы өзара іс-қимылды және транзиттік әлеуетті ұлғайту, сондай-ақ өңірлік дата хабты құру аясында деректерді сақтаудың бірлескен базаларын әзірлеу жөніндегі күш-жігерді біріктіру ұсынылады.

Осыған байланысты ШЫҰ елдерінің қатысуымен спутниктер құрудан бастап, цифрлық платформаларды іске асыруға дейінгі бірлескен жобаларды енгізу ұсынылады. ШЫҰ елдері негізінде спутниктік топтарды бірлесіп құру, сонымен қатар, топқа қатысушы барлық елдердің ғарыштық суреттеріне ортақ қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейді. Бұл бір аумақтың ғарыштық түсірілім жиілігін арттырады. Жоғары жиіліктегі ғарыштық түсірілім төтенше жағдайларға, табиғи ресурстарға, антропогендік әсерге және басқа аспектілерге жедел ғарыштық мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді.

Экономиканың түрлі салаларын цифрландыру арқылы ғарыштық мониторинг деректерін енгізу жаһандық тренд болып саналады. Агроөнеркәсіпті, суды, жерді, табиғи ресурстарды және жер қойнауын пайдалануды қамтитын цифрлық платформалар объективті мониторингті жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мұндай платформалардың тиімді жұмыс істеуі ғарыштық суреттердің жүйелілігіне байланысты. Ал бұл спутниктерді ұшыруды халықаралық ғарыш айлақтары базасында жүзеге асыру ұсынылады.

«Қазақстан адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылықтар деп бағаланатын, сондай-ақ, жақсы өмір сүру үшін қолайлы жағдайлар жасайтын әлеуметтік мемлекет ретінде өзінің ашық екенін көрсете отырып, цифрландыру, GovTech саласындағы цифрлық шешімдер, оның ішінде ШЫҰ-ға қатысушы елдермен ЖИ саласында тәжірибе және білім алмасуда белсенді өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырады», – деп қорытындылады Бағдат Мусин.

Жиын барысында қатысушылар өз елдеріндегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы озық тәжірибелерін, ШЫҰ елдерінің экономикасын цифрландырудағы табысты кейстерін бөлісті, тұрақты даму үшін цифрландырудың сын-қатерлері мен перспективалары, цифрландыру мен жаңа технологияларды дамыту жоспарлары және перспективалары туралы өзара пікір алмасты.

Сондай-ақ, мемлекеттер әртүрлі елдер мен әлеуметтік топтар арасындағы «цифрлық алшақтық» мәселесіне тоқталды.

Тараптар цифрлық экономиканы орнықты дамыту үшін цифрлық әріптестікті ілгерілету мақсатында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы үздік тәжірибелерді алмасуды жалғастыра отырып, жолға қойылған байланыстарды сақтауға және нығайтуға, сондай-ақ цифрлық алшақтықты жоспарлы түрде қысқартуға ықпал етуге уағдаласты.

Жиынға қатысушылар цифрлық трансформация мен цифрлық экономиканы дамыту саласындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге өз ұмтылыстарын танытты, бұл ШЫҰ елдері экономикаларының инновациялық-технологиялық дамуына жаңа серпін берері анық.

Тараптар электрондық үкіметтің шешімдерін ілгерілету, табысты тәжірибелер туралы білім алмасу және бірлескен жобалар үшін мүмкіндіктерді зерделеу бағытындағы жұмыстар туралы уағдаласты.

Отырысқа қатысушылар цифрлық трансформацияны және қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту шеңберінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты және барлық елдер үшін қолайлы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту қажеттілігі туралы келісті.

Жиын соңында тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытуға жауапты министрліктері мен ведомстволары басшыларының келесі кеңесі 2025 жылы Қытай Халық Республикасында өтетіні жөнінде келісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 4 шілдеде ШЫҰ-ның онлайн-саммитінде Қазақстанда ШЫҰ цифрлық форумын өткiзу туралы бастама көтерді. Мемлекет басшысы цифрлық теңсіздікті жоспарлы түрде қысқарту ШЫҰ қызметінiң нақты басымдығына айналуға тиіс екенін атап өтті.

ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі