Бүгін «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев пен «Astana Hub» IT-стартаптар Халықаралық технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумға қол қойды.

Меморандум аясында жастарға арналған сапалы цифрлық білім беру бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Оның мақсаты – бағдарламалау мектептері мен жас IT мамандарын қолдау. Осылайша, әрқайсысы 600 000 теңгеге дейінгі 3000 ваучер бөлінеді. «Жастар Рухы» жастар қанаты ел аумағында бағдарламаға қатысуға ниетті үміткерлерді іздестіруге жәрдемдеседі.

«Жастар Рухы» ЖҚ төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, меморандум жастар қауымын IT-жобаларды іске асыруға тарту бойынша бірлесіп жұмыс жүргізу мақсатында жасалды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясы жастар қанатының VI Съезі делегаттарына жолдаған бейнеүндеуінде Жаңа Қазақстан жастары үшін үш маңызды басымдықты атаған болатын. Бұл – білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және патриотизм. ХХІ ғасыр – озық технологиялар дәуірі. Бұл секторды дамытуда жастардың маңызды рөл атқаратынын жақсы түсінеміз. Еліміздің түкпір-түкпірінде біз білмейтін таланттар өте көп. «Astana Hub»-пен бірлескен жоба осындай жастардың өзін-өзі танытуы үшін жақсы мүмкіндік болады», – деп атап өтті Нұржан Жетпісбаев.

Мағжан Мәдиевтің айтуынша, «Astana Hub» технология, инновация саласына талантты жастарды тартуды көздеп отыр.

«Мұнда олар үшін көптеген мүмкіндіктер ашылады. Жастарға Tech Orda, No code school, Startup school және басқа да тегін білім беру бағдарламаларын ұсынамыз. Alem деп аталатын бағдарламалау мектебімізде IT дағдыларын тегін оқуға болады. Қазақстандық жастардың зор әлеуетін көріп отырмыз. «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатымен бірлесе отырып, өскелең ұрпақтың IT саласына деген қызығушылығын арттыра алатынымызға сенімдімін», – деп атап өтті «Astana Hub»-тың бас директоры.

Сонымен қатар, меморандум IT-хакатонды биыл күзде өткізуді көздейді. Байқау барлық өңірлерді қамтитын алғашқы IT-хакатон болмақ. Өңірлік іріктеуден өткен үздік жобалар елордадағы ақтық кезеңде сыналады.

Айта кету керек, «Astana Hub» Орталық Азиядағы IT-стартаптардың ірі технопарктерінің бірі саналады. Онда отандық және шетелдік технологиялық компаниялардың еркін дамуы үшін жағдай жасалған.

https://astanahub.com/article/astana-hub-i-zhastar-rukhy-dogovorilis-sovmestno-povyshat-interes-molodezhi-k-it