Қазақстан «50-in-5» жаһандық бастамасына қосылды. Бұл бастама елдердің күшін біріктіре отырып, цифрлық қоғамдық инфрақұрылымның (DPI) негізгі элементтерін жедел енгізуді мақсат етеді. Бұл технологиялар заманауи, ыңғайлы, проактивті мемлекеттік қызметтерді дамытуға негіз болып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және цифрлық экономиканы ілгерілетуге ықпал етеді. Цифрлық қоғамдық инфрақұрылым – бұл цифрлық төлемдер, сәйкестендіру және деректер алмасу жүйелерінің қауіпсіз әрі өзара әрекеттесе алатын жиынтығы. Цифрлық дәуірде бұл жүйелер экономика мен әлеуметтік өмірге толыққанды қатысудың басты алғышартына айналды. DPI барлық мемлекеттердің орнықты әрі инновациялық экономика құрып, азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуі үшін қажет. «50-in-5» бастамасының негізгі мақсаты – 2028 жылға дейін 50 ел кем дегенде бір DPI элементін енгізуі. Бұл тәжірибе алмасу және ашық цифрлық өнімдерді қолдана отырып, бірлескен шешімдер әзірлеу шығындарды азайтып, трансформацияны жеделдетуге мүмкіндік беретініне негізделген. «Қазақстандағы цифрлық трансформацияның басты өзегі – адам. Біз үшін технология – жай ғана технология емес, ол азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған құрал. Осы мақсатта біз әр қадамымызды халық игілігі үшін жасай отырып, ашық, түсінікті және тиімді цифрлық мемлекет құрып жатырмыз. Цифрлық шешімдер қашықтықты қысқартады, осы арқылы адамдар қайда тұрса да, біз оларға жақынырақ бола аламыз. «50-in-5» бастамасына қосылу – адамға бағытталған цифрлық трансформациямызды үдетіп, шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін маңызды қадам», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев. Қазақстанда цифрлық қоғамдық инфрақұрылымның негізгі элементтері табысты енгізіліп, бүкіл ел аумағында кеңейтілуде. Цифрлық сәйкестендіру жүйесінің (Digital ID) негізгі бөлігі – eGov Mobile мобильді қосымшасы. Бұл – ресми электрондық үкіметтің супермобильді қосымшасы, ол қауіпсіз авторизация, қашықтан жеке басын растау және мемлекеттік қызметтердің кең ауқымына қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Бүгінде eGov Mobile қосымшасын 10,9 миллионнан астам қазақстандық пайдаланады, оның ішінде ай сайынғы белсенді аудитория 5,3 миллион адамды құрайды, ал тәулігіне орта есеппен 354 мың пайдаланушы қосымшаға кіреді. «Қызметтер» бөлімінде 200 түрлі сервис қолжетімді, ал eGov Mobile арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтердің жалпы саны 82 миллионнан асты. Пайдаланушылардың ерекше қызығушылығын «Цифрлық құжаттар» бөлімі тудырады. Онда жеке куәліктен бастап жүргізуші куәлігіне дейін 38 түрлі электрондық құжат қолжетімді. Бұл функция іске қосылғаннан бері құжаттарды 25,7 миллионнан астам рет қолданған. Қазақстандағы мемлекеттік жүйелер арасында деректер алмасу үшін Smart Data Ukimet ақпараттық-талдамалық платформасы жұмыс істейді. Оған 124 мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі біріктірілген. Бұл интеграция азаматтардың өмірлік жағдайларына автоматты түрде жауап ретінде проактивті мемлекеттік қызметтерді әзірлеуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда әлеуметтік бағыттағы 45 проактивті мемлекеттік қызмет әзірленген. Олар азаматтарға, әсіресе өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға бағытталған атаулы көмек көрсетуге арналған. Осындай қызметтер 4,3 миллионнан астам рет көрсетілді. Smart Data Ukimet, Электрондық үкімет шлюзі және Smart Bridge бірігіп, ұлттық деректер алмасу жүйесінің негізін құрайды. «50-in-5» – бұл цифрлық қоғамдық инфрақұрылымды енгізу арқылы цифрлық күн тәртібін жеделдетуге бағытталған елдер бастамасы. Бұл бастама Билл және Мелинда Гейтс қоры, Цифрлық қоғамдық инфрақұрылым орталығы, Co-Develop ұйымы, Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсы және БҰҰ Даму бағдарламасымен (ПРООН) бірлесіп жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, бастамаға GovStack, Америкааралық даму банкі, ЮНИСЕФ және БҰҰ-Әйелдер ұйымы қолдау көрсетеді. «50-in-5» бастамасы аясында елдер цифрлық көшбасшылармен тәжірибе алмасып, халықаралық үздік тәжірибелерді зерделеп, техникалық және әдістемелік қолдау ала алады. Қазақстан үшін бұл бастамаға қатысу – ұлттық цифрлық әлеуетті нығайтып, әрбір азаматтың мүддесіне жұмыс істейтін орнықты цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды қадам. https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/1023778?lang=kk |
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Досжан Мұсалиев 17 маусымда Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қарамай қаласында өткен, ШЫҰ мүше мемлекеттерінің ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласындағы министрлер мен ведомстволар басшыларының IV кеңесіне қатысты. Кеңеске Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан, Беларусь, Ресей, Пәкістан, сондай-ақ ШЫҰ бақылаушы елдері — Түркия мен Әзірбайжанның АКТ дамытуға жауапты министрлер мен ведомстволардың басшылары қатысты. Қатысушылар АКТ саласындағы озық тәжірибелерімен бөлісіп, ШЫҰ елдерінің экономикасын цифрландырудың табысты мысалдарына тоқталды. Сондай-ақ, жиын барысында цифрлық даму мәселелері мен перспективалары, жаңа технологияларды енгізу жоспарлары талқыланды. Одан бөлек, «цифрлық теңсіздік» мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл ретте мамандар цифрлық инклюзивтілік – ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыты екенін атап өтті. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Досжан Мұсалиев Қазақстанның ШЫҰ аясында цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге басымдық беретінін жеткізді. «Қазақстан цифрлық инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, «ақылды қала» технологияларын енгізу, өнеркәсіп пен шағын және орта бизнесті цифрландыру, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен цифрлық тәуелсіздікті қамтамасыз ету сияқты басым бағыттар бойынша конструктивті ынтымақтастыққа дайын», - деді вице-министр. Кеңес қорытындысы бойынша тараптар ШЫҰ мүше мемлекеттерінің цифрлық трансформация саласындағы іс-қимыл жоспарын қабылдады. Цифрландыру және АКТ дамуы аталған мемлекеттерге тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, экономикалық өсімді қамтамасыз ету және қауіпсіздікті арттыру сияқты маңызды міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыда ШЫҰ аясындағы ынтымақтастық бүкіл аймақтың үйлесімді дамуы мен мүше мемлекеттер арасындағы өзара сенімді нығайту үшін маңызды болып отыр. Айта кетерлігі, келесі кеңес Қырғыз Республикасының төрағалығымен 2026 жылдың маусым айында Бішкек қаласында өтеді. https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/1021398?lang=kk |
Қазақстан енді ресми түрде цифрлық көшпенділерді қолдайтын елдердің қатарына қосылды. The Astana Times басылымы жариялаған арнайы сюжетте шетелдік фрилансерлер мен IT-мамандарға арналған екі жаңа визалық бағдарлама таныстырылды. Neo Nomad Visa – еркін әрі креативті өмір салтын ұстанатын мамандарға, ал Digital Nomad Visa – қашықтан жұмыс істейтін жоғары білікті IT-сарапшыларға арналған. ![]() Digital Nomad Visa ерекшеліктері мен оның қандай мүмкіндіктер ұсынатыны жөнінде Astana Hub-тың қатысушыларды қолдау кеңсесінің аға менеджері Ұлжан Қоқыбасова айтып берді. Толық репортажды The Astana Times YouTube арнасынан көре аласыз. |
Халықаралық рейтинг агенттігі Fitch Ratings «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ға (NITEC) шетел және ұлттық валютадағы эмитенттің ұзақмерзімді дефолт рейтингін (Issuer Default Ratings, IDR) «BBB» деңгейінде, тұрақты болжаммен берді. Бұл шешім компанияның халықаралық деңгейдегі тұрақтылығын және Қазақстан үшін стратегиялық маңызын мойындаудың маңызды көрсеткіші болды. Fitch тұжырымына сәйкес, рейтингтер NITEC-тің ұлттық цифрлық инфрақұрылымдағы маңызды рөлін және мемлекеттік сектормен институционалдық байланысын көрсетеді. Компания мемлекет үшін технологиялық серіктес ретінде әрекет етіп, негізгі ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп келеді. Берілген рейтинг Қазақстан Республикасының егемендік рейтинг деңгейіне сәйкес келетіндігін атап өткен жөн. Бұл компанияға жетекші халықаралық агенттіктердің бірі тарапынан жоғары сенім білдірілгенін көрсетеді. «BBB» деңгейіндегі инвестициялық рейтингтің және тұрақты болжамның берілуі – бұл компанияның қаржылық сенімділігінің көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар халықаралық инвестициялық қауымдастыққа берілген күшті сигнал. Бұл NITEC тұрақты макроэкономикалық және басқару ортасында жұмыс істейтінін, қарызды басқару бойынша жауапты саясат жүргізетінін және ресурстарды тиімді пайдаланатынын дәлелдейді. Бұл оқиға компания үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады: серіктестер үшін ашықтық артады, қаржы институттарының сенімі нығаяды, халықаралық капитал нарығына шығу әлеуеті пайда болады. Сонымен қатар, Fitch рейтингі NITEC-тің корпоративтік басқару және институционалдық даму деңгейінің жоғары екенін айғақтайды. Құрылған сәтінен бастап NITEC цифрлық мемлекеттің архитектурасын жүйелі түрде қалыптастырып келеді. Компания негізгі мемлекеттік IT-қызметтерді дамытып, сүйемелдеп, елдің цифрлық платформасының технологиялық сенімділігін, ауқымдылығын және тұрақтылығын қамтамасыз етуде. Рейтинг туралы толық ақпарат Қазақстан қор биржасының ресми сайтында және Fitch мақаласында қолжетімді. |
17.06.2025 Мемлекеттік қызметшілер citizensec.kz платформасында киберсауаттылық бойынша оқудан өтеді
Маусым айының соңына дейін ҚР орталық мемлекеттік органдарының қызметкерлері citizensec.kz порталында арнайы онлайн-оқудан өтіп, цифрлық қауіпсіздік деңгейін арттырады. Бұл білім беру бастамасы кибергигиена мәдениетін нығайтуға және ірі деректермен жұмыс істеу барысында адами факторға байланысты қауіп-қатерлерді азайтуға бағытталған. Бағдарлама шамамен 7 сағаттық бейнесабақтарды қамтиды. Онда жеке деректерді қорғау, фишингтік шабуылдарды тану, цифрлық этика, сенімді құпиясөздермен жұмыс істеу және басқа да маңызды тақырыптар қарастырылған. Курстар жеке өтуге ыңғайлы форматта ұсынылған, ал материалдар сала мамандарымен қатар мемлекеттік органдардың басшыларына да бейімделген. Оларға ұйымдарда ақпараттық қауіпсіздік жүйесін құру бойынша арнайы әдістемелік ұсынымдар әзірленген. «Мемлекеттік қызметшілердің цифрлық сауаттылығы — бұл тек қауіпсіздік негіздерін білу ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік IT-инфрақұрылымның сенімділігінің іргетасы. Біз цифрлық ортада саналы әрекет ету мәдениетін қалыптастыруға ұмтыламыз», — деді ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның өкілі. Оқу мыңдаған қызметкерлерді қамтиды, олардың қатарында аса маңызды мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және азаматтардың жеке деректерімен жұмыс істейтін мамандар да бар. Бұл бастама киберқауіптерге қарсы тұрақты алдын алу жұмыстары аясында іске асырылуда. Оның аясында онлайн-курстармен қатар офлайн-семинарлар, тренингтер және ақпараттық-түсіндіру шаралары өтеді. Халықаралық зерттеулер деректеріне сәйкес, киберкеңістіктегі оқиғалардың 80%-ға жуығы адами қателіктерден туындайтыны анықталған. Пайдаланушылардың хабардар болу деңгейін арттыру — цифрлық жүйелерді қорғаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі. Citizensec.kz платформасы қазақстандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленген және ақпараттық қауіпсіздік мамандарын даярлау бойынша заманауи әдістемелерге сай келеді. Киберсауаттылықты арттыру — қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі. Пайдаланушылардың саналы әрекет деңгейі неғұрлым жоғары болса, мемлекеттік цифрлық сервистер соғұрлым сенімді және тұрақты жұмыс істейді. Ал бұл сервистерге күн сайын миллиондаған қазақстандық тәуелді екенін атап өткен жөн. |