Қазақстан Франциямен цифрландыру, ғарыш және аэроғарыш технологиялары саласындағы әріптестігін нығайтады.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің Францияға сапары аяқталды. Бұл сапардың мақсаты – Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар салалардағы ынтымақтастықты тереңдету және инновацияларды дамыту: кездесулер аясында цифрландыру, аэроғарыш өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ қолжетімділігі қиын локациялар үшін Интернет қызметтерін ұсынудағы инклюзивтілікті дамыту мәселелері қаралды. Осылайша, Қазақстан Республикасының Франция Республикасындағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған сапар Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды нығайтудағы маңызды қадам болды.

Сапар аясында Бағдат Мусин Экономикалық даму жөніндегі Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) теңтөрағасы, Сыртқы сауда, экономикалық тартымдылық және шетелдегі француз азаматтарының істері жөніндегі министр-делегат Оливье Бештпен, сондай-ақ цифрландыру, аэроғарыш өнеркәсібі саласындағы жетекші кәсіпорындардың басшыларымен және аэроғарыш технологиялары саласындағы сарапшылармен кездесу өткізді. 

«Қазақстан Франция үшін елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды стратегиялық әріптес саналады. Сонымен қатар, ғарыш өнеркәсібі және цифрландыру сияқты ғылымды қажет ететін салалардағы байланыстарды дамыту да маңызды», - деді кездесу барысында Оливье Бешт. 

Сонымен, Thales Alenia-мен кездесулер барысында KazSat спутниктерін және пайдалану мерзімін аяқтайтын қашықтықтан зондтау спутниктерін алмастыру үшін байланыс спутниктерін құру саласындағы бірлескен жобалардың перспективалары, ал Airbus Defence and Space-пен – құрастыру-сынау кешенін (ҚСК) дамыту және спутниктерді өндіру мәселелері талқыланды. Нәтижесінде, Қазақстан француз мамандарымен бірлесіп, байланыс спутниктерін шығаруды көздеп отыр, алғашқы қазақстандық құрастыру аппаратын 2026 жылы іске қосу жоспарлануда.  

Сонымен қатар, Бағдат Мусин француз әріптестерімен екі елдің цифрландыру саласын дамытуға бағытталған жоспарлар мен бағдарламаларды талқылады, атап айтқанда министр цифрлық инфрақұрылымдардың маңыздылығын, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және цифрлық платформаларды дамытудың маңыздылығына тоқталды. 

Сондай-ақ, қазақстандық делегация – One Web, ReOrbit және SES компанияларымен кездесу өткізді. Кездесу барысында шалғайдағы елді мекендерді байланыспен қамтамасыз ету үшін, цифрлық мүмкіндіктерге тең қолжетімділік жасап және осы компаниялар ұсынатын төмен орбиталық спутниктік топтардың көмегімен, қолжетімділігі қиын локацияларды интернетпен қамтамасыз ету үшін әртүрлі стратегиялар мен технологиялық шешімдерді талқылады.

Бағдат Мусин бұл кездесулер мен келіссөздер Қазақстан мен Франция арасындағы цифрландыру, ғарыш, аэроғарыш технологиялары саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ барлық азаматтар үшін неғұрлым қолжетімді және инклюзивті цифрлық ортаны құруға серпін беретініне сенім білдірді. 

Оливье Бешт әуе жолаушылары туралы деректерді жинау жүйесін іске асыруға жәрдемдескені үшін қазақстандық тарапқа өз алғысын білдірді. Естеріңізге сала кетейік, Idemia компаниясы Қазақстанда Qazaqstan Identity & Security (QIS) бірлескен кәсіпорны арқылы әуе жолаушылары жайлы деректерді жинау бойынша ақпараттық жүйені (APCAS) енгізу жобасын іске асыруда. Қазіргі уақытта бұл жоба тәжірибеден өтуде. 

«Министрлік цифрлық дәуірде тұрақты өсу мен дамуды қамтамасыз ете отырып, келісілген идеялар мен жоспарларды іске асыруға белсенділік танытып өз жұмысын жалғастырады. Қазақстан мен Франция арасындағы цифрландыру, ғарыш, аэроғарыш технологиялары және шалғайдағы елді мекендерді байланыспен қамтамасыз ету саласындағы әріптестікті нығайту – бұл біздің еліміз үшін цифрлық трансформация мен тұрақты дамуға қол жеткізу жолындағы маңызды қадам», - деп түйіндеді Бағдат Мусин.

https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/557105?lang=kk