2019 жылы алғаш рет Қарағанды облысындағы Пустынное өндірістік алаңында Wenco тау-кен көлік кешенін басқарудың автоматтандырылған жүйесі орнатылған. «Цифрлық кеніш» бағдарламасы аясында бұл жоба Ақмола облысындағы Ақсу 2 кәсіпорнында да жалғасын тапты. Wenco тау-кен көлігі кешенін басқарудың автоматтандырылған жүйесі тау-кен кәсіпорындарына өнімділікті арттыру мақсатында шаралар қабылдауды қамтамасыз ете отырып, нақты уақыттағы жұмыс үрдістерін визуализациялауды қамтамасыз етеді.

Степногорск өңіріндегі Ақсу 2 кәсіпорнында енгізілген жаңа автоматтандырылған жүйенің артықшылықтарына жүйені пайдаланудың қарапайымдылығын, ашық кеніштегі қауіпсіздік және өндірістік көрсеткіштерді жақсартуды жатқызуға болады. Мұнда құрамында алтын бар кен ашық әдіспен өндіріледі, жылына 5 млн тонна кен өндіріліп, өңдеуден өтеді.  «Алтыналмас» қауіпсіздік пен өнімділікті арттыруға, пайдалану шығындарын азайтуға, ашық кеніш техникасының қызмет мерзімін ұзартуға мүмкіндік беретін шешімдерді енгізу үшін ашық тау-кен жұмыстарында жабдықты басқару жүйелерін жасақтайтын IT саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі Wenco компаниясымен ынтымақтастық құрды. 

Wenco тау-кен көлік жабдықтарының жұмысы туралы деректерді жинап, оны талдайды, бұл арқылы диспетчерлер кен сапасына қойылатын талаптарды ескере отырып, самосвалдарды түсіру орындарына үлестіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бағдарламалық жасақтаманың икемді құрылымы базалық жүйеге әртүрлі опцияларды қосуға мүмкіндік береді, оның қатарында экскаваторларға, тиегіштерге, бульдозерлерге және грейдерлерге арналған жоғары дәлдікті позициялау да бар.  

Wenco автоматтандырылған жүйесін Ақсу 2 өндірістік алаңында тәжірибелік пайдалану 2022 жылдың қараша айында басталды, қазір ол өндірістік пайдалануға қосылды. Диспетчерлеуді Wi-Fi байланысымен қамтамасыз ету үшін барлық өнеркәсіптік объектілерде (ашық кеніш, кен қоймасы және т.б.) IT инфрақұрылымы толық орнатылды. Тау-кен техникасы операторларын, геологтардың, маркшейдерлердің, IT-мамандардың, диспетчерлердің біліктілігін арттыру мақсатында қосымша оқыту жүргізілді.

Тау-кен көлік жабдықтарына Wenco борттық компьютерлері орнатылды. Жүйе Ақсу 2-дегі 35 көлікке орнатылды.

«Алтыналмас АК» АҚ автоматтандыру жөніндегі аға жобалық менеджері Дарын Мұңсызбаев: «Жүйенің басты ерекшеліктері - оны пайдаланудың қарапайымдылығы, үрдісті қадағалау мүмкіндігі, ашық кеніштегі қауіпсіздіктің артуы, әр техника бойынша жедел және жинақтау есептілігін жасау. Ақпаратты автоматты түрде жинау оның толықтығына, уақтылығына және дәлдігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, диспетчерлер мен ИТЖ үшін дерек жинау, енгізу және өңдеу сияқты күнделікті жұмыс айтарлықтай жеңілдейді. Қорытындылай келе, жалпы өнімділік артады, қызметкерлер үшін жұмыс жеңілдейді», - деп атап өтті.

Кен аудару аймақтарындағы жұмыстарды қадағалау мақсатында тиеу жабдықтары жоғары дәлдікті позициялау жүйесімен жабдықталды. Жедел бақылау үшін заманауи жабдықталған диспетчерлік орталық ұйымдастырылды.

Wenco бағдарламалық жасақтамасын одан әрі техникалық қолдауды, техникалық қызмет көрсетуді ақпараттық жүйелерді қолдау бөлімі қолға алады.

«Алтыналмас» өнеркәсіптік нысандарын цифрландыру және автоматтандыру 2017 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан «Цифрлық кеніш» бағдарламасы шеңберінде жүргізілуде, ол өндірістік тиімділікті арттыруға, өндірістік шығындарды төмендетуге, жаңа ақпараттық технологиялар мен құралдарды қолдана отырып, озық тәжірибелер мен инновациялық тәсілдерді қолдану арқылы персоналдың нәтижелілігін жақсартуға бағытталған. Wenco жүйесін басқа да өндіріс орындарына орнату жоспарланған.

https://www.gov.kz/memleket/entities/miid/press/news/details/540603?lang=kk