2024 жылғы 12 қаңтарда жапондық бизнес-делегацияның Қазақстан Республикасына сапары аясында GX (жасыл трансформация) және DX (цифрлық трансформация) мүмкіндіктеріне арналған бизнес-форум және В2В кездесулері өтті.

Бірлескен іс-шара екі елдің бизнесі арасындағы бұрыннан бар сауда-экономикалық қатынастарға жаңа серпін беріп, әлеуетті серіктестер пулын кеңейту алаңына айналды.

Қазақстан-Жапония бизнес-форумының жұмысына 200-ден астам қазақстандық компания және Жапония Үкіметі мен бизнесінің 60-қа жуық өкілі қатысты.

Форум аясында компаниялар арасындағы ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қою рәсімі өтті.

Осылайша, «Қазақстан Ғарыш Сапары» және «Synscpective» компаниясы табиғи апаттар мен инфрақұрылым мониторингі үшін радиолокациялық спутниктерді пайдалана отырып, жаңа қосымшаларды бірлесіп зерттеу және әзірлеу бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл тіпті түн мезгілінде және бұлтты ауа-райында да ғарыштан аумақтарды бақылауға мүмкіндік береді.

«Жапония радиолокациялық ғарыштық суреттерді өңдеу технологиялары бойынша жұмыс істейді. Біздің мамандар радиолокациялық технологиялармен жұмыс істей алады және біз жапондық компаниямен ынтымақтаса келе, жаңа жобалар аясында жұмысымызды бастауға дайынбыз», - деді «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК Басқарма төрағасы Айдын Айымбетов.

Ал Жапония-Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық комитетінің төрағасы Наоши Хиросэ:

«Жер шарындағы климаттың өзгеруімен байланысты жасыл және цифрлық трансформация тақырыбындағы бұл форум - біздің ынтымақтастығымыз үшін жаңа сала. Бұл адамзат үшін ортақ міндет, оны шешу үшін Жапонияның озық технологиялары мен Қазақстанның әлеуетін біріктіруге болады. Алдағы уақытта бізді IT саладағы цифрлық трансформацияға ғана емес, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған ақпараттық технологияларды пайдалануға қатысты бірлескен келешегі бар жобалардың күтіп тұрғанына сенімдімін».

ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі