Әділет министрлігінде Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, онда Цифрлық кодекс жобасының реттеу саясаты жөніндегі консультативтік құжат қаралды.

Комиссия отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин сөз сөйлеп, цифрландыру саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін кодификациялаудың негізгі артықшылықтары мен мақсаттары туралы айтты.

Мемлекет басшысы ауқымды міндет қойды – озық әлемдік тәжірибеге жауап беретін, нарықтың сұранысын да, азаматтардың мүддесін де ескеретін заманауи нормативтік құқықтық базаны әзірлеу, оның ішінде Цифрлық кодекс жобасы.

Цифрлық технологиялардың даму қарқыны мен таралу ауқымы нормативтік құқықтық актілерді қабылдау жылдамдығына ғана емес, заңнама құрылымына да сапалы жаңа талаптар қояды.

Бүгінгі таңда цифрлық даму саласындағы ұлттық заңнаманың өзегін ақпараттандыру, дербес деректерді қорғау, байланыс, электрондық цифрлық қолтаңба, мемлекеттік қызметтер туралы негізгі заңдар құрайды. Сонымен қатар цифрландырудың ерекшеліктері 50 салалық кодекс пен заңдарда қосымша реттелген.

Заңнаманың қазіргі жағдайы нормативтік актілердің көптігімен және реттеушілік әсердің бөлшектенуімен сипатталады.

Заңнамаларды кодификациялау ықтимал тәуекелдер мен пайдаларды ескере отырып, кешенді тәсілдерді енгізуге, заңнаманың тұтастығы мен реттілігін қамтамасыз етуге, оның көлемділігі мен қайшылықтарын жоюға мүмкіндік береді.

Кодификацияланған акт нормативтік құқықтық актілер иерархиясындағы ерекше мәртебесіне байланысты, сонымен қатар заң жобалау жұмысында және тәжірибеде цифрлық даму саласындағы негізгі басымдықтар мен ортақ тәсілдерді біріктіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Цифрлық кодекс аясында жаңа цифрлық технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектті пайдалану мәселелерін реттеу көзделуде.

Азаматтар мен бизнес үшін кодификация заңдарды цифрлық ортада қолдануды қол жетімді және түсінікті етеді, ауыр талаптар мен реттеуші кедергілерді жояды.

Ведомствоаралық комиссия реттеуші саясат жөніндегі консультативтік құжатты мақұлдады.

ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі