Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді.

Мемлекет басшысы цифрландыру ісіне және инновацияны енгізу мәселесіне баса мән беретінін айтты.

«Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз. Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейміз. 2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет», - деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев венчурлық қаржыландырудың инновациялық жобаларды іске қосудағы рөлін және жобаларға еліміздегі және шетелдегі инвесторлардың қызығушылығын арттыру үшін құқықтық және қаржылық мәселені шешу қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ дарынды әрі ойы ұшқыр, яғни креативті азаматтарға жағдай жасау үшін өңірлерде инновациялық экожүйе қалыптастыруға мән беру керектігін айтты.

«Біз олардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауымыз керек. Аймақтағы жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құру қажет. Оны нақты сектормен тығыз ынтымақтаса отырып жүзеге асырған жөн. Бұл жұмысты әрбір облыс орталығында жүргізу керек. Астана хабының тәжірибесін кеңінен пайдаланған жөн», - деді ҚР Президенті.

Өңірлік IT хабтарды дамыту Astana Hub-тың басты міндеттерінің бірі. Мақсат - биыл ел бойынша 14 өңірлік IT-хаб ашу. Естеріңізге сала кетейік, ҚР ЦДИАӨМ бастамасымен, Astana Hub және жергілікті ақтарушы органдардың қолдауымен жыл басынан бері Қазақстанның 8 өңірінде: Abai IT Valley (Семей), Kyzylorda Hub (Қызылорда), Digital Jetisu (Талдықорған), Zhambyl Hub (Тараз), Oskemen IT Hub (Өскемен), Jaiq Hub (Орал), Turkistan IT Hub (Түркістан), Aqtobe IT Hub (Ақтөбе) және Qostanai IT Hub (Қостанай) ашылды.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауымен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

https://astanahub.com/ru/article/k-tokaev-sleduet-shiroko-masshtabirovat-opyt-astana-hub