Астана қаласының әкімдігі инфрақұрылымды дамыту және елорда тұрғындарының өмірін жақсарту үшін қолдануға дайын практикалық IT-шешімдерді табуға ниетті. Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркімен бірлесіп IT-жобалардан 100 өтінім жиналды. Олардың 10-ы Pitch Day шарасының бүгінгі – алтыншы легінде жобасын таныстырды.

Шараға ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек және Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев қатысты.

«Қала өсіп жатыр және жаңа сервистерге мұқтаж. Сондықтан бізге жас стартаптардың IT-шешімдері ауадай қажет. Бүгін таныстырылған бірде-бір жоба назарсыз қалмайды. Барлығын мұқият зерттеп, келесі аптада сіздермен міндетті түрде тағы бір рет кездесеміз. Мектепте немесе медициналық мекемеде пилоттық жобаны сынақтан өткізу керек болса, ол жұмыс басталады. Сонымен қатар, стартаптарға коммуналдық салада жұмыс істеуді ұсынамын. Бізде коммуналдық мекемелер көп және олардың шешуді қажет ететін проблемалары жетерлік. Біз осы тақырыпты талқылап, ұсынылатын IT-шешімдерді қаржыландыруға дайынбыз», - деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Өтінім берген жобалардың бағыты әртүрлі - білім беру, денсаулық сақтау, ТКШ, қауіпсіздік және көлік. Жобаларды нетворкинг, питчингтер және қалалық құрылымдармен өзара іс-қимыл күтеді.

"Дамыған елдерде мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар өздерінің негізгі мәселелерін, технологияның көмегімен шешуге болатын мәселелерді анықтайтын түрлі хакатондар, питч-сессияларды өткізу тәжірибелері бар. Бұл сұрақтарды шешу үшін IT-қауымдастығы, стартаптар мен инноваторлар өздерінің шығармашылық идеяларын ұсынып жиналады. Біз астаналық әкімдікпен бір аптадан кейін қаланың 10 негізгі проблемалық мәселесін аламыз деп келістік. Ал 3 айдан кейін біз оларды инновациялық технологиялық идеялардың көмегімен шешуіміз керек", - деді Қаныш Төлеушин, ҚР ЦДИАӨМ бірінші вице-министрі.

Pitch Day шарасында таныстырылған жобалар:

1) Управдом – МИБ, ПИК және тұрғындарға арналған цифрлық экожүйе.
2) Oqylyq – қашықтықтан оқыту және тестілеу, синхронды, асинхронды және автоматтандырылған прокторинг жүйесін қамтитын платформа.
3) Alaqan Mektep - мектептерге арналған алақан тамырларының биометриясына негізделген бірыңғай экожүйе.
4) Socium цифрлық платформасы – төрт бағыт тоғысқан цирфлық талдау платформасы.
5) Иммунитет столицы.KZ – халықты жаппай иммуналогиялық тексеру технологиясы.
6) Beyne.ai – ашық дереккөздерден және бейне камералардан бетті тану және іздеу технологиясын әзірлейтін жүйе.
7) Operational Platform of Expert Recognition (O.P.E.R.) – интеллектуалды бейнебақылау жүйесі.
8) Jastar Life – жоба мұғалімдерге оқушылардың сабаққа қатысуы мен үлгерімі туралы есеп беруде уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді.
9) Доступный двор – жоба автоматты шлагбаумдар мен қақпалар орнатылған тұрғын үй кешенінің аулаларына шұғыл қызметтердің кіру мәселесін шешеді.
10) МДМС – Ұсынылып отырған шешім мемлекеттік сатып алу порталынан позиция мен сертификаттар бойынша деректерді жинауға және талдауға арналған веб-қосымша түріндегі құрал.

Естеріңізге салайық, Астана әкімдігі Astana Hub-пен бірлесіп елорда тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында идеялар ұсынылатын шараларды тұрақты түрде өткізеді және бүгін алтыншы Pitch күні өтті. Осылайша, жас кәсіпкерлер өз идеяларын көрсетіп қана қоймай, жобаларын жүзеге асыруда мемлекеттік органдардың қолдауына мүмкіндік алды.

https://astanahub.com/kk/article/stolichnyi-akimat-sovmestno-s-astana-hub-proveli-pitch-day-dlia-perspektivnykh-it-reshenii