Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің вице-министрі Әсет Тұрысов БҰҰДБ Еуропа және ТМД елдері бойынша өңірлік бюросы директорының орынбасары Хартман Никпен кездесті.

Кездесу барысында Әсет Тұрысов «Қазақстанның электрондық үкіметі», eGov мобильді қосымшасы және Invisible Government тұжырымдамасы аясындағы проактивті сервистердің жетістіктері туралы айтты.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) кедейлік, теңсіздік және климаттың өзгеруі салдарынан туындаған әділетсіздікпен күресетін БҰҰ-ның жетекші ұйымы болып табылады. 170 ел мен аумақтағы сарапшылар мен серіктестердің кең желісімен жұмыс істей отырып, адамдар мен планета үшін интеграцияланған, тұрақты шешімдерді жасауға көмектеседі.

БҰҰДБ Қазақстандағы цифрлық индустрияның дамуына үлес қосуда. «ҰАТ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Мун «Smart Data Ukimet» жобасын көрсетті.

Бүгінгі таңда Қазақстан әлемдік аренада электронды үкіметтің даму деңгейі бойынша 193 елдің ішінде лайықты 28-ші орынды, киберқауіпсіздік бойынша – 31-ші орынды, азаматтардың электронды қатысу рейтингісінде Қазақстан 15-ші орынды – әдемдегі ең күшті көрсеткіштердің бірін иеленді.

Digital Intelligence Index рейтингінде Қазақстан цифрландырудың даму жылдамдығы бойынша 20-шы орынға ие болды және цифрлық әл-ауқаттың одан әрі дамуы бойынша ең перспективалы елдердің тобына енді.

Кездесу соңында Еуропа және ТМД елдері бойынша БҰҰ Даму бағдарламасының Аймақтық бюросы директорының орынбасары Ник Хартманн Govtech мемлекеттік қызметтерді көрсетудегі жұмысын жоғары бағалады, сонымен қатар проактивті қызметтердің халыққа ыңғайлылығын атап өтті.

ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі