ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникация Комитеті мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бастамасымен онлайн режимде жиындар өткізуге арналған «Qosyl» жобасы іске асырылды.

Министрлік 2023 жылдың қыркүйегіне дейін Орталық және жергілікті атқарушы органдарда ашық жиындар өткізу үшін аталған жүйені пилоттық режимде іске қосуды ұсынды.

Бағдарламаны пилоттық режимде іске қосу сәтті аяқталып, бүгінде орталық мемлекеттік органдар онлайн-жиындар өткізу үшін отандық жобаны тиімді пайдалануда.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бұл жобаның мемлекеттік қызмет саласындағы маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінде мемлекеттік органдар жиындарды өткізу үшін онлайн платформаларды белсенді пайдаланады, бұл мемлекеттік қызметшілердің уақытын үнемдейді. Осыған байланысты Министрлік «ҰАТ» АҚ-мен бірлесіп отандық бағдарламалық жүйені әзірлеу туралы шешім қабылдады. Qosyl жобасы сәтті жобалардың біріне айналды. Ең алдымен, жаңа жүйе кеңестерді қауіпсіз ақпараттық ортада өткізуді қамтамасыз етеді, бұл әсіресе мемлекеттік органдар үшін маңызды. Сонымен қатар, ол артық ресурстарды қажет етпейді, бұл оны қолдануға ыңғайлы етеді», - деп атап өтті Бағдат Мусин.

Жоба жетекшісі Нұрислан Исаковтың айтуынша, аталмыш жоба 2020 жылы іске асырылды. Дегенмен, қандай да бір ақаулар болмас үшін және тиісті сынақтардан өту мақсатында біраз уақыт қажет болды.

«Бұл жоба 2020 жылы пандемия кезінде іске асырыла бастады. Мемлекеттік органдар тарапынан шетелдік өндірушілерге тәуелді болмайтын және олардың серверлері арқылы жұмыс істемейтін онлайн-бейнеконференциялар құру бойынша өтініштер түсті. Жоба ақпараттық қауіпсіздік сынағынан өтетін және біздің талаптарымызға сәйкес келетін Қазақстан серверлерінде жұмыс істеуі талап етілді. 2020 жылы бірінші нұсқасы шыққаннан бастап бүгінгі күнге дейін өнім үнемі жаңартылып, дамып келеді. Біз тұтынушыларымыздың сұранысы бойынша үнемі жаңа тетіктерді іске қосып, өнімнің технологиялық бөлігін жетілдіріп келеміз. Сондай-ақ қазіргі нұсқаны шектеусіз кеңейтуге және дамытуға мүмкіндік бар», - дейді Нұрислан Исаков.

Аталған платформаның брқатар артықшылықтары бар. Qosyl жүйесін кез келген ұйымның ерекшелігіне бейімдеуге, басқа жүйелермен біріктіруге, жаңа мүмкіндіктерді жетілдіруге болады, яғни бұл артық шектеулердің жоқтығын білдіреді. Сондай-ақ, бұл жүйеде пайдалану уақытының шегі жоқ екенін атап өткен жөн.

Qosyl-дың шетелдік платформалармен салыстырғанда басты ерекшеліктерінің бірі – ақпараттық қауіпсіздіктің жоғары деңгейі.

«Платформа ақпараттық қауіпсіздік талаптарының сынағынан сәтті өтті. Сондай-ақ серверлер Қазақстанда болғандықтан, бірде бір медиа трафик шет ел арқылы өтпейді. Сонымен қатар, отандық жүйені кез келген серверлерге орналастыруға болады. Яғни ол үшін міндетті түрде мамандандырылған жабдық қажет емес, қарапайым серверлік қуаттар да жеткілікті. Екінші мәселе, егер Zoom-мен салыстырсақ, біздің жүйені пайдалану өте оңай және ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан тиімді. Тіпті ақпараттық технологиядан хабары аз адамға оны басқа өнімдермен салыстырғанда пайдалану жеңілірек. Ол қосымшаны жүктеуді қажет етпейді, кез-келген құрылғыдағы браузер арқылы қосылуға болады. Пайдаланушы аты-жөнін енгізеді және тіркелсе жеткілікті. Қаласаңыз, қосымшаны жүктей аласыз. 2023 жылы біз осы бағдарламаны ЦДИАӨМ-де жарты жыл бойы пилоттық режимде іске қосып, пайдаланушылардың сұраныстары бойынша кей тұстарын өзгерттік. Пилоттық нұсқаның қорытындысы бойынша жобаны пайдалануға беру туралы шешім қабылданды», - деп атап өтті Нұрислан Исаков.

2023 жылғы қарашадан бастап Qosyl жүйесі мемлекеттік органдарда пайдалану үшін сәтті іске қосылды және ресми түрде енгізілді. Болашақта осы өнімді білім беру секторында пайдалану үшін бейімдеу жоспарлануда.

ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі