Инсульттің автоматтандырылған диагностикасына арналған жасанды интеллект пен нейрорадиологияға маманданған қазақстандық CerebraAI стартапы АҚШ-тағы TechCrunch рейтингі бойынша үздік жаһандық стартаптардың бірі деп танылды. Бұл маңызды сәт CerebraAI үшін Startup Battlefield 200 аясындағы әлемдегі ең ірі стартап-байқау TechCrunch Disrupt 2023-ке қатысумен белгіленді.

TechCrunch жыл сайын жаһанға таныстыру үшін әлемнің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған үміткердің арасынан 200 стартапты таңдайды. Биыл да дәстүрден жаңылған жоқ және осы беделді шарада Қазақстанды әлемге таныту мәртебесі CerebraAI жобасына бұйырды.

TechCrunch Disrupt 2023 - бұл ең үздік инновациялық стартаптармен, деструктивті технологиялармен және технологиялық индустриядағы негізгі мәселелерді талқылаумен басталатын шара. CerebraAI 19-21 қыркүйек аралығында Сан-Францискодағы Moscone орталығында өтетін бұл шараға қатысады. CerebraAI үшін бұл өз жасақтамасын көрсетудің және Қазақстаннан шыққан жоба туралы айтудың тамаша мүмкіндігі.

«Біз жобамызды көрсетіп, Қазақстаннан шыққан стартап туралы айтуды көздеп отырмыз. (Біздің жоба TechCrunch Disrupt-те Қазақстаннан таңдалған бірінші және жалғыз жоба). Мемлекет басшысы жуырда Қазақстан халқына жолдауында үкіметтің алдына 2026 жылға қарай ІТ-қызметтердің экспортын 1 миллиард долларға жеткізу міндетін қойып, еліміздің технологиялық дамуына баса назар аударды. Менің ойымша, IT-саласын дамыту үшін инфрақұрылым тұрғысынан Astana Hub пен ЦДИАӨМ бағдарламасы бойынша қаншама жұмыстар атқарылғанын ескерсек, ол мүмкін деп ойлаймын. Бірақ енді жеке кейстерді жетілдіріп, оларға жергілікті, аймақтық және әлемдік аренада чемпион болуға жан-жақты көмектесу керек. Бұл әзірше қиын. Еліміздегі заңнамалық және бюрократиялық шектеулерге байланысты», - деді CerebraAI негізін қалаушы және бас директоры Досжан Жүсіпов.

CerebraAI нейрорадиология саласында ишемиялық және геморрагиялық инсультті автоматтандырылған диагностикалауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект әзірлеп жатыр. Жобаны Medtronic APAC, Johnson & Johnson, Intel, StartUs және EY сияқты ұйымдар мойындады. Стартаптың негізін қалаушы беделді StartX кәсіпкерлер клубының мүшесі болды және Стэнфорд университетінде StartX Summer 2023 акселератор бағдарламасын сәтті аяқтады.

TechCrunch Disrupt және Startup Battlefield 200 - бұл Dropbox, Mint, Cloudflare, Fitbit, Yammer және басқа да танымал компаниялар дебют жасаған стартаптар мен технологиялар әлеміндегі маңызды шара.

https://astanahub.com/kk/article/kazakhstanskii-ii-cerebraai-voshel-v-chislo-luchshikh-mirovykh-startapov-po-versii-techcrunch-v-ssha