ҚР Мемлекеттік органдары интернет-ресурстарының бірыңғай платформасының (МО ИРБП) жаңа нұсқасы іске қосылды. Азаматтарға қолайлы болу үшін интернет-ресурстағы мемлекеттік қызметтер өмірлік жағдайлар бойынша реттеліп, қолдануға ыңғайлы қылып өзгертілді.

МО ИРБП  бұл  жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Мемлекет басшысына есеп беруші мекемелердің (Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  агенттігі) сайттарын бірыңғай және ыңғайлы жүйеге тоғыстырған бірегей платформа.

https://www.gov.kz/ интернет-парақшасында орналасқан платформаның мобильді нұсқасы, қолайлы интерфейсі мен навигациясы бар.

«Қазақстан туралы» деп аталатын алғашқы бөлімнен сайт қолданушылары біздің ел жайлы мағлұмат ала алады. Әрі қарай «Азаматтарға» және «Бизнеске» деп бөлінген  парақшалары бар негізгі бөлімнен қызмет категорияларын табуға болады. Қандай да бір категорияны таңдаған кезде тақырыпқа сай барлық мемлекеттік қызметтер мен «Өмірлік жағдайлар» бойынша материалдар тізімі шығады.

«Өмірлік жағдайлар» парақшасынан түсінікті және қарапайым тілде жазылған пайдалы ақпараттарды табуға болады. Таңдалған қызмет түрі туралы материалда үдерістерге толықтай түсініктеме беріліп, өзара байланысты мемлекеттік қызметтердің барлығы қамтылады, сондай-ақ анықтама, құжаттар, НҚА (нормативті-құқықтық актілер) мен онлайн-сервистерге сілтемелер берілген.

«Мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты кез-келген процесте ең алдымен азаматтардың мүддесі есепке алынуы тиіс. Платформаның басты беті барынша ақпараттық және пайдалы болуы үшін біз өмірлік жағдайларға басымдық бердік. Егер, мәселен, сіз сәбилі болсаңыз, сайттан тиісті өмірлік жағдайды тауып алып, сол бөлімнен емханаға тіркелу, дәрігердің есебіне тұру, декреттік демалысқа шығу, жаңа туған баланы тіркеу, балабақша кезегіне тұру, жәрдемақылар мен төлемақыларды ресімдеу жайлы және т.б. қажетті ақпаратпен таныса аласыз», - деп түсіндірді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов.

Қазір қолданушылардың назарына түрлі категориялар бойынша 120 материал ұсынылған: отбасы, денсаулық сақтау, білім, бизнес және т.б. Әрбір «өмірлік жағдай» бойынша ескерту немесе ұсыныс жасау үшін кері байланыс формасы бар. Мамандар осы мәліметтерді ескеріп, үнемі контенттің сапасын жақсартып отырады.

Айта кету керек, бұған дейін (2019 жылдан бері) платформаға тек қана мемлекеттік мекемелер кіре алатын. Бүгінгі таңда МО ИРБП-да 18 орталық органның, 54 комитет пен 13 мемлекеттік органның, ҚР Президентіне есепті мекемелер мен 600-ден астам жергілікті органның сайттары шоғырланған.

Платформаны «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ пилоттық тәртіпте іске қосты.


дереекөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/289101?lang=kk