2023 жылдың 15 қыркүйегінде Калифорния штатының Сан-Франциско қаласында Silkroad Innovation Hub-тың ресми ашылуы өтті.

Silkroad Innovation Hub - бұл Орталық Еуразияны Кремний алқабындағы біртұтас аймақ ретінде ілгерілетуге, сондай-ақ, IT-кәсіпкерлік саласындағы ынтымақтастыққа және фаундерлердің мықты қауымдастығын құруға жәрдемдесуге бағытталған жеке бастама.

Silkroad Innovation Hub аймақтағы IT-кәсіпқойлар, кәсіпкерлер және инноваторлар арасында желілік, білім алмасу және серіктестіктерді дамытудың басты платформасы ретінде қызмет етеді.

Хабтың ресми ашылуына Орталық Еуразия елдерінің ресми тұлғалары мен дипломаттары қатысты.

Іс-шарада Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин сөз сөйледі. Министр өз сөзінде хаб Орталық Азиядан жаңа стартап жобаларды тарту нүктесіне айналатынын және түркі елдерінің цифрлық шешімдерді қолдану аймағын кеңейтуге бағытталған күш-жігерін біріктіретінін атап өтті.

«Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жуырда Душанбеде сөйлеген сөзінде Қазақстан цифрландыру сынды стратегиялық маңызды салада өзінің жақын көршілерімен ынтымақтастығын барынша нығайтуды қолдайтынын атап өтті. Ал бүгінгі іс-шара сөзсіз, осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болып отыр. Silkroad Innovation Hub жеке брендке айналатынына және Кремний алқабында өзінің лайықты орнын иеленетініне сенімдімін», - деп атап өтті министр.

Ашылу салтанатында ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Өзбекстанның IT Park-інің бірінші орынбасары Абдулахат Кучкаров, сондай-ақ, ТМҰ-ға мүше елдердің цифрландыру министрліктерінің 10-нан астам өкілі мен ресми тұлғалар онлайн қатысып, сөз сөйледі.

Сонымен қатар, IT- - индустрияға қолдау көрсету шеңберінде Қазақстанның Цифрлық даму министрлігі Астана-Хаб және Silkroad innovation hub-пен бірлесіп, Орталық Азияның стартап-жобаларының TechCrunc әлемдік көрмесіне қатысуын ұйымдастырды.Осындай жоғары деңгейдегі форумда алғаш рет ОА IT индустриясын дамыту бойынша панельдік сессия өтті.

Кремний алқабындағы Silkroad Innovation Hub жобасын ұйымдастырушылар Орталық Еуразия стартаптарын инновациялық қоғамдастыққа қосылуға және перспективалы технологиялық жобаларды құру және дамыту үшін ұсынылған мүмкіндіктерді пайдалануға шақырады. Олар өз күш-жігерін біріктіре отырып, алдағы 5-7 жылда үлкен нәтижелерге қол жеткізуге алады: 5 юникорн, стартаптарға $300 млн инвестиция және өңірден IT-қызмет экспортына 1,5 млрд.

TechCrunch Disrupt 2023 аясында «The New Digital Silk Road: From Central Eurasia to Silicon Valley» панельдік сессиясы ұйымдастырылды, онда Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин, IT Park Uzbekistan атқарушы директоры Абдулахад Кучкаров, IDDA төрағасының міндетін атқарушы Инара Валиева спикерлер ретінде қатысты.

19-21 қыркүйек аралығында АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында (Калифорния штаты) өтетін ең ауқымды TechCrunch Disrupt 2023 халықаралық конференциясы арқылы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Моңғолияны қоса алғанда, Орталық Еуразия стартаптары үшін тарихтың жаңа парағы ашылды.

TechCrunch Disrupt алаңында Silkroad Innovation Hub инновациялық орталығы Кремний алқабындағы инвесторларға эксклюзивті павильон ұсынды, онда Орталық Еуразиядан келген 14 стартап өздерін жаһандық аренада танытуға мүмкіндік алды. Олардың ішінде 6-ы — қазақстандық. Олар — Citix, Cyborgbase, TengriLights, Falcon.ai, Kscooter және Rhinotales.
Сондай-ақ, TechCrunch Disrupt 2023 шеңберінде инсультті автоматтандырылған диагностикалау үшін жасанды интеллект және нейрорадиология саласында маманданған CerebraAI қазақстандық стартапы әлемдегі ең ауқымды Startup battlefield 200 стартап конкурсына қатысады.

Өз аймақтарының айрықша әлеуеті мен алуандығын Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген oblako.me, Wiot, Doki, Zypl.ai, MyID, IMAN, Mohirdev және Workly сынды стартаптар айқын көрсетті. Іс-шарада ұсынылған стартаптардың басым бөлігі — Astana Hub акселерациялық бағдарламаларының түлектері. Қазіргі таңда олар әлемдік нарықтарда өз жобаларының аясын кеңейтуде.

https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/622320?lang=kk