slider 

Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ҚР ЦДИАӨМ) «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) және Дүниежүзілік экономикалық форуммен (ДЭФ) бірлесіп, Қазақстанда Төртінші өнеркәсіптік революцияның Аффилденген орталығын (4ӨР Аффилденген орталығы) іске қосты.

Ресми ашылу рәсімі жыл сайынғы Astana Finance Days конференциясы аясында өтті. Ашылу салтанатына ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Сэр Сума Чакрабарти, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы, АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов, Дүниежүзілік экономикалық форумның Президенті Бёрге Бренде, Дүниежүзілік экономикалық форумның 4ӨР Орталығының басшысы Джереми Юргенс, Түркиядағы 4ӨР Аффилденген орталығының басшысы Эфе Эрдем және және Еуразиялық Топтың Корпоративтік ИТ Директоры Еркін Шназбаев қатысты.

Төртінші өнеркәсіптік революция (4ӨР) көптеген салаларға технологиялық серпін әкелді, соның ішінде жасанды интеллект, робототехника, үш өлшемді баспа, нанотехнология, биотехнология және т.б. бар.

Дүниежүзілік экономикалық форумның 4ӨР Орталығы озық ғылым және технологиялармен байланысты пайданы арттыру және тәуекелдерді азайту мақсатында икемді және адамға бағдарланған пилоттық жобаларды әзірлеу, іске асыру және жетілдіру үшін үкіметтерді, бизнес-ұйымдарды, серпінді стартаптарды, азаматтық қоғамды, ғылыми ортаны және халықаралық ұйымдарды біріктіреді.

Қазақстан Үкіметі мен АХҚО Қазақстанның инновациялық дамуына жаңа қарқын беретін озық технологияларды енгізу үшін қолайлы орта құруға ұмтылады. Бұған Қазақстанда Төртінші өнеркәсіптік революцияның Аффилденген орталығын құру жөніндегі бастама дәлел.

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин:

«Мемлекет маңызды үш нәрсеге назар аударуы тиіс, соның ішінде алдыңғықатарлы шетелдің тәжірибесін ескеріп, оны жүзеге асыру керек Бірінші кезекте, байланыстың тиісті инфрақұрылымын жасау қажет. «Заттар интернеті» мен өндіріске роботтандыру мен жасанды интеллектті енгізу үшін сапалы интернет, мүмкін тіпті 5G қажет. Бұл бағытта халықаралық тәжірибені пайдалану маңызды.

Екіншіден, біздің міндеттеріміздің бірі – халықаралық қоғамдастықтың қолдауын алу, отандық кәсіпқойларды даярлау және қайта даярлау саласындағы халықаралық тәжірибені пайдалану. Біздің мамандар «Индустрия 4.0»-ге көшуге дайын болуы керек және дағдылары мен құзыреттіліктерін жетілдіруі тиіс. Үшіншіден, мемлекет тарапынан уәждеме мен ынталандырудың болуы маңызды: салық жеңілдіктері немесе бірлескен инвестиция дегендей. Яғни кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасау керек».

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы, «Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Қайрат Келімбетов:

«4ӨР Аффилденген орталығы реттеушілік нормативтерді дамыту және инновациялық жобаларды іске асыру үшін Орталық Азияның мемлекеттік құрылымдарын, бизнес пен индустриялық серіктестерді біріктіреді. Халықаралық ынтымақтастықтың арқасында қазақстандық бизнес-қоғамдастық, сондай-ақ АХҚО қатысушылары Дүниежүзілік экономикалық форумның қатысушыларымен іскерлік әріптестік қарым-қатынас орнатып, Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық желісінің бір бөлігі бола алады».

Дүниежүзілік экономикалық форумның Президенті Бёрге Бренде:

«Төртінші өнеркәсіптік революция орталығының Жаһандық желісіне қосыла отырып, Қазақстан әлемге адамдарға бағдарланған, инклюзивті және әділ қағидаттармен реттелетін жаңа технологияларды енгізетінін жариялауға дайын».

Қазақстандағы 4ӨР орталығы жаңа технологияларды енгізу үшін заңнамалық кедергілерді азайту және нақты алғышарттарды жасау және жасанды интеллект, заттар интернеті, робототехника, блокчейн салаларындағы және басқа да өзекті бағыттардағы саланың әлемдік көшбасшыларымен технологиялық салаларда тиімді ынтымақтастық құру мақсатында инновацияларды реттеу тетіктерін, саясатын, рәсімдерін және қағидаттарын жетілдіруге мүмкіндік береді.

дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/225455?lang=kk